• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2021

Қауіпсіздікті қадағалайтын жаңа жүйе

479 рет
көрсетілді

Модульдік полиция бекеттері – «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша іске қосылған реформалардың нақты бір көрінісі. Жыл басынан бері облыс орталықтарында бой көтеріп, тәулік бойы жұмыс істеуді бастап кеткен стационарлық бекеттер ел Президентінің Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан туындаған іргелі бастама болып саналады.

Стационарлық модульдік полиция бекеттерінің жұмысы туралы ІІМ-де өткен брифингте толығырақ мағлұмат берген Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов соңғы екі жылда ел көлемінде 60-қа жуық модульдік бекет орнатылғанын ­мә­лімдеді. Осы жылдың соңына дейін тағы 36 бекет орнату жоспарланса, қазіргі таңда оның 5-уі – Ақтөбе, 2-уі – Солтүстік Қазақ­стан және тағы 2-уі Түркістан облыстарында ашылған.«Стационарлық полиция бе­кет­тері құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алуға ба­ғытталған патрульдік-бекеттік қыз­мет атқарудың негізгі ныса­ны болып саналады. Бекеттер санын көбейтудегі басты мақсат – халық көп жиналатын қоғамдық орындар мен криминогендік учаске­лерде, сондай-ақ құқық бұзушы­лық жиі тіркелетін аумақтарда полиция қызметкерлерінің тұрақ­ты болуын қамтамасыз ету, сон­дай-ақ қоғамдық тәртіптің жай-күйін тікелей қадағалау және аза­маттардың өтініштері бойынша шараларды жедел қабылдауды ұйым­дастыру», дейді комитет өкілі.Заманауи модульдік бекеттерде қызмет атқару мен азаматтарды қабылдау үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, бекет бейнебақылау, жарықтандыру, жылыту, желдету, су құбыры, санитариялық торабы бар кәріз жүйелерімен, өрт-күзет сигналдандыруымен, дербес компьютермен және басқа да қажетті құралдармен толықтай жабдықталған. Бұдан бөлек, бекеттерде полиция қыз­меткерлері болмаған жағдайда аза­маттардың ІІО бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне хабарласуына арналған «шақыру домофо­ны» жүйесі орнатылған.Полиция қызметкерлері бекеттерде апта бойы, тәулігіне 24 сағат қызмет атқарады. Бекетте күн­діз учаскелік полиция инс­пекторы, кешке патрульдік поли­ция қызметкерлері болады. Алғаш­қылары халыққа ыңғайлы болу үшін құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді қабылдаса, патрульдік жасақ бекетке ірге­лес аумақтарда көшелер мен қоғамдық орындарды патрульдеуді ұйымдастырады.Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес ІІМ жергілікті атқарушы ор­гандармен бірге алдағы бес жыл ішінде өңірлерде 176 модульдік бекет орнатуды жоспарға енгізген. Ал қазіргі таңда республикалық маңыздағы үш қалада 64 модульдік бекет жұмыс істеп тұр. Оның 41-і Алматы қаласында орнатылған.С.Түсіповтің айтуынша, қыл­мыс статистикасы жаяу патруль­деуді біріктіретін стационар­лық бекеттердің өңірлердегі қоғам­дық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейіне ­оң әсерін тигізгенін көрсеткен.