Футболдан Еуропа чемпионатымен қатарласып өтіп жатқан Қазақстан біріншілігі де қарт құрлық бәсекесі сияқты тур өткен сайын тартысқа толы және түрлі сенсацияға бай болуда. Мәселен, 16 матч бойы бірде-бір ойында жеңілмей келе жатқан елорданың «Астана» клубы қатарынан екі ойында жеңіліп, турнир кестесіндегі көшбасшылығынан айырылып қалды. Мұндай ұрымтал сәтті мүлт жібермеген «Тобыл» мен «Қайрат» өз кезегінде қажетті ұпайларына қол жеткізді. Нәтижесінде, Қостанайдың клубы жарыс кестесінде бірінші орынға шығып алса, алматылық ұжым «Астанамен» арадағы ұпай айырмасын қысқартты.
18-турға жоспарланған жеті кездесудің алғашқы үш матчы жексенбі күні өтті. Петропавлдағы Орталық стадионда ұйымдастырылған ойында жергілікті «Қызылжар» мен елорданың «Астана» клубы кездесіп, матчы алаң иелерінің пайдасына аяқталды – 3:2. Өткен турда «Астана Аренада» өткен бәсекеде астаналықтар өз алаңында «Ордабасыдан» жеңіліп, жанкүйерлерінің алдында ұятты болып еді. Сол қателіктерін жуып-шаюы үшін бұл ойында еліміздің алты дүркін чемпиондарына қалайда сырт алаңда жеңіске жету маңызды болатын. Алайда биылғы біріншілікті жоғары дәрежеде өткізіп жатқан «Қызылжар» футболшылары қарсыластарына үш ұпайды оңай ұстата қоймайтынын ойын басында-ақ бірден аңғартты. Кездесудің 3-минутында украиналық жартылай қорғаушы Максим Драченко есеп ашып, жергілікті жанкүйерлердің қуанышына бөленді. Стадионға жиналған көрермендер бірінші голға қуанып боламын дегенше 9-минутта «Қызылжардың» тағы бір украиналық ойыншысы Юрий Бушман кездесудің есебін де, жанкүйерлердің қуанышын да еселей түсті – 2:0. «Ордабасымен» өткен ойындағыдай сценарий қайталанғандықтан ба екен, 10 минутта екі гол өткізіп алған «Астана» ойыншылары абдырап қалды. Сөйтіп бірінші таймда елордалық клубтың шабуылынан сән, қорғанысынан мән кетті. Үзіліс кезінде бас бапкер Андрей Тихоновтан тиісті ақыл-кеңес алып, алаңға шыққан «Астана» жігіттері төрешінің ысқырығын ести сала алға қарай ұмтылды. Мақсаттары – екінші таймның басында қалай да таразы басын теңестіріп алу. Нәтижесінде ойынның 51-минутында қонақтар өз дегендеріне жетіп, есеп айырмасын қысқартты. Гол авторы – Исламбек Қуат. Бұл жартылай қорғаушының «Астана» сапына араға жеті жыл салып қайта оралғаннан кейінгі тұңғыш голы болды. Дегенмен астаналық жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Матчтың 68-минутында черногориялық Дарко Зорич мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:1-ге жеткізді. 86-минутта Абат Айымбетов есеп айырмасын қысқартқанымен, «Астанаға» жеңіс сыйлай алмады. Осылайша Петропавлдың «Қызылжары» өз тарихында тұңғыш рет елордалық клубтан басым түсті. Бұған дейін екі ұжым жасыл алаңда 9 рет кездесіп, барлығында «Астана» футболшыларының мерейі үстем болған еді. Осы жеңісінен кейін «Қызылжар» 25 ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. Ал «Астана» 38 ұпаймен әзірше екінші орында тұр.Ал өткен турда «Астананың» жеңісті сериясына нүкте қойған «Ордабасы» бұл турда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдап, қарсылас команданың қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Биылғы чемпионаттың үздік сұрмергенінің бірі Жоао Пауло мен команда капитаны Еркебұлан Тұңғышбаев жарақаттарына байланысты бұл ойында «Ордабасыға» көмектесе алмады. Соған қарамастан алаң қожайындары ірі есеппен жеңіске жетті. Кездесудің 13-минутында шабуылшы Сергей Хижниченко «Ордабасы» клубын алға шығарса, бірінші таймның соңына таман командаласы Мирзад Механович есепті 2:0-ге жеткізді. Сондай-ақ босниялық футболшы екінші таймда екінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды. «Ордабасы» үшін бұл – ҚПЛ-дағы қатарынан екінші жеңіс. Осы жеңістің арқасында шымкенттіктер турнир кестесінде 4-орынға көтерілді. 10 ұпаймен соңғы орында тұрған «Жетісу» қатарынан төртінші матчта жеңіліп қалды. Жалпы, бұл талдықорғандықтар үшін чемпионаттағы 13-ші жеңіліс.Сонымен қатар қарағандылық «Шахтер» 18-турда «Ақтөбені» қабылдап, бір доп айырмасымен жеңіске жетті. Бұл – «Шахтер» клубының биылғы чемпионаттағы қатарынан бесінші жеңісі. Қарағандылықтарға үш ұпай сыйлаған матчтағы жалғыз голды ойынның 67-минутында Жан-Али Пируз соқты.