«Ән – көңілдің ажары». Алайда әр ән-әуеннің туу себептері бар. Қазір телеарналардағы концерттік бағдарламалардан ара-тұра Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін естіп қаламыз. Әннің сезімді тербеткен әсері болмаса, осы күнге дейін айтылар ма еді. Жұртта бұл әнді Сәкен Көкшетауда жүріп шығарған деген түсінік қалыптасып кеткен.
Қала берді композитор Ілия Жақановтың «Egemen Qazaqstan» газеті биыл 10 ақпанда «Бір әннің тарихы» айдарымен «Тау ішінде» деп аталған мақаласын жариялады. Автор ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қарпық Құсайыновтың Сәкенмен бала кезінде бірге өскен Әзімхан ақсақалмен осы ән туралы айтқан сырын жеткізген. Сәкен Омбы түрмесінен қашып шығып, жан сауғалап Баянауылға, одан әрі сәуір айында Жаңаарқаға барғанын, сол жерде Әзімханның үйлену тойында болып, осы «Тау ішінде» әнін тұңғыш рет шырқағаны туралы айтады. Бір қараған жанға бәрі солай сияқты көрінері анық. Дегенмен Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» деген емес пе. Жұрт көзіне түспей мазарларда түнеп, алаң көңілмен жүрген Сәкен қалай осындай ғашықтық әнін туғыза салған деген ой кез келген пенденің басына келері анық. Әзімхан ақсақал сөзінің соңында: «Сәкеннің біраз сырын білем, әрине, бірақ жаңағы «Тау ішінде» әні кімге арналған? Есінен кетпей қойған сол ғашығы кім? Ол жұмбақ. Сәкеннің жүрегіндегі құпия», деп ойын түйіндепті. Бар мәселе осында. Шынында сері Сәкеннің осы әні кімге арналған, есін алған ғашығы кім? Қай жұмбақты алсаңыз да шешімі бар ғой. Сәкен «Тау ішінде» әнін Қаратау қойнауында шығарған деген сөздің де шығып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Осыған байланысты қисынға келетін бір болған жайды оқырмандар назарына ұсынып көрейік.
Түркістан облысының Отырар ауданы орталығы Шәуілдірде Дина Тоқабаева деген қария тұрады. Қазір жасы тоқсанның төрінде. Кеңес өкіметі кезінде шаруашылықтың есеп-қисап жағында ұзақ жылдар еңбек еткен. Көнекөз қарияның жадында сақтап қалған естеліктерін тыңдасаңыз құлақ құрышыңыз қанады. Қария радиодан шырқалған «Тау ішінде» әнін тыңдап болған соң, қайнысы Есенғазы Бейсенбиевке: «Әкем Тоқабай таманың бұзау руынан, атақты Сүгір күйшінің немере інісі. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары белсенді болып, Созақта колхоз басқарған жан. Бүгінде Созақтағы көзі қарақты жанның бәрі Тоқабайды жақсы біледі. Тоқабай айтыпты деген әзіл-қалжыңдар әлі күнге ел аузында. Сол Тоқабай Байқадамдағы ыстының шанышқылы руынан тараған Иса деген кісінің қызы Сұлушашқа үйленеді. Ол – менің анам. Анам көрген жан көз ала алмайтын бет біткеннің ажарлысы еді. Тоқабайдың босағасын аттағанда толған айдай толқысыған он сегіздегі кезі екен.
1919 жылы жазғытұрым Арқадан бет ажары келісті келген кісі ат арытып, Бетпақдаланы көктей өтіп, арып-ашып Созақ өңіріне келеді. Ол кеңес өкіметінің өкілі деп Қаратаудың қойнауында отырған Тоқабай Ерімбековтің үйіне табан тіреген. Тоқабай жөн сұрасып, Ақмола совдепі төралқасының мүшесі, уездік ағарту комиссары қызметін атқарған Сәкен Сейфуллин екенін біледі. Қонақтың Омбыдағы Колчактың түрмесінен қашып, Дүйсенбі деген лақап атпен Павлодардағы Баянауыл арқылы туған жері Жаңаарқаға соғып, Әулиеатаны бетке алып бара жатқан жайы бар екен. Мән-жайға қаныққан Тоқабай: «Сәке, ұзақ жолдан шаршап шалдыққан шығарсыз. Астыңыздағы атыңыз да әбден болдырған секілді. Біздің үйде бірер айдай жатып, бағылан қозының етін жеп, саумал-қымыз ішіп, таудың таза ауасымен тыныстап дем алыңыз», – деп ақжарма пейілін білдіріп, құрметін көрсетеді.
Арада біраз күн өткен соң Сәкен де өзіне өзі келіп, көңілі жайланып, шырайланып шыға келген. Әйгілі күйші Сүгірдің домбыраны бебеулете құйқылжытқан күйлерін тыңдап, өзі де ауыл-аймақтағы ойын-тойда, алтыбақан сауық кештерінде ән салып, жұрттың ыстық ықыласына бөленеді. Ауыл адамдары келбетті кісінің көркіне қызыға қарап, қоңырқай дауыспен шырқаған әсем әніне құлақ құрыштарын қандырған.
Тоқабай: «Сәке, кешкі салқынмен тау қойнауына серуендеп, аң-құс аулап, бой жазып қайтыңыз», деп өзінің қызметке мініп жүрген ақбоз атын береді. Сәкен күннің қайнап тұрған ыстығында үйде жатып, кешке екі аңшы жігіт қосшымен тау ішін серуендеп, тамылжыған тұмса табиғатты тамашалап, неше алуан аң-құстарды аулап қараңғы түсе қайтуды дағдыға айналдырады.
Бірде әлгі аңшылар: «Мына кісі соңғы бір аптада аң-құстарға көңіл бөлмейтінді шығарды. Жартастың көлеңке жағында отырып алып, өзінше ыңылдап бір әуенді сөзімен қайталай береді. Әуенге еліткені соншалық кейде бізді елемейтін секілді. Ондай ән-әуенді қонақтан келгелі бері естіген емеспіз», дейді ауыл тұрғындарына таңданған кейіп танытып. Солардың арасындағы қағілез бірі: «Біз сазгерлерді түсіне бермейміз. Анау Сүгірге қарашы. Жаңа күйін шығарған- ша бірнеше күн бойына ертелі-кеш жан адаммен сөйлеспей домбырасын шертіп, әлденеге әуейіленіп отырады ғой. Қонақ та жаңа ән шығарғалы жүрген шығар», деген екен.
Анам Сұлушаш мол дастарқанға барын қойып, қонақты жақсылап күтеді. Анамның сылаңдаған жүріс-тұрысы, ұзын қара шашы, көз арбаған сұлулығы мен шын пейілді ықыласы Сәкен ақынды сезімге бөлеп, шабытына әсер етті ме, тау ішінде серуендеп жүріп, ән шығарады. Кезекті бір сауық кеште жұрт Сәкеннен қонақкәде сұрамай ма. Сол кезде ол домбыраны қолына алып, қоңырқай үнмен: «Мен келем тау ішінде түнделетіп...», деп мамырлата бастап, қайырмасын: – Ә-әй, Сүмбіл шаш, қара көзің, тәтті сөзің, Білгейсің келгенімді жалғыз өзің...», деп шырқағанда жаңа әнді ауылдың өнерпаз жігіттері қағып алып, лезде ауыл-аймаққа таратып жіберген. Көпшілік Сәкеннен әнінің атын сұрағанда: «Бұл әннің аты «Тау ішінде». Сіздерге менен тарту болсын», деген екен. Ол Әулиеатаға аттанатын күні Сүгір бастаған ауыл-аймақ түгел жиналып, қимай қоштасады. Ауылдан ұзай бере таңғы тұнық ауада «Тау ішінде» әнін шырқаған әуен үні жұрттың құлақтарына жеткен. Ақын ет алып тыңайған күрең атына мініп, бел асып кеткенше жиналғандар орындарынан тапжылмай тұрса керек. Солай ақын-сазгер кетіп, артында әні қалған.
Қазақта «Кімге көп қарасаң, балаң соған ұқсайды» деген сөз бар. Бір жылдан соң анам Сұлушаш шекесі торсықтай ұлды болып, есімін Сәкен деп атайды. Ес біліп, жұмсауға жарап қалған көрікті балаға жұрт сұқтанып қарай берсе керек. Содан көз тиіп, қайтыс болыпты. Кейін анам екі құрсақ көтерді. Бірі – ағам Қыдырәлі де екіншісі – мен. Анам ауылдың алты ауызынан құр алақан емес еді. Мен ес біле бастағаннан домбыра шертіп, күй тартуды үйрете бастады. Есейіп, етек-жеңімді жауып, көзге көрініп қалған кезімде ауыл адамдары: «Сен анаң секілді ажарлысың», деуші еді. Соған қарағанда әкемнен гөрі анама көбірек ұқсайтын секілдімін.
Той-томалақта ауыл жастары Сәкеннің сол «Тау ішінде» әнін жиі-жиі айтып жүрді. Бірде анам оңаша отырғанда: «Қызым, бұл әнді Сәкен Сейфуллин маған арнап шығарған», деп оның сонау бір жылы айға жуық үйде болғанынан сыр шертті. Мен: «Ал әннің қайырмасында Сұлушаш емес Сүмбіл шаш деп айтылады ғой. Неге?» деймін қызығып. Анам: «Ел ішінде өсек тарап кетпесін деп атымды солай өзгерткен», деді ұяң үнмен. Содан соң өзі әнді әуелете шырқады.
«Созақ» совхозының Маханов Медет деген жігіті 1952 жылы Алматыдан мал шаруашылығы институтын бітіріп келді. Біз бір-бірімізді ұнатып, бас қосып, отау тіктік. Әкем Тоқабай 1955 жылы қайтыс болды. Қазір бейіті Қарабура әулиенің жанындағы Сүгір күйшінің бейіті қасында жатыр».
Сонымен Сәкеннің «Тау ішінде» әні кімге арналған? 1959 жылы күзде атақты жазушы Мұхтар Әуезов Оңтүстік Қазақстанды шығармашылық сапармен аралап, Алғабас пен Созақ аудандарына ат басын тіреген. Алғабаста әншілерге сүйсініп: «Шаянға барсаң, әншімін деме», Созақта Сүгірдің күйіне тамсанып: «Созаққа барсаң, күйшімін деме» деп айтқан дуалы сөзі бүгінде қалың елдің құлағында. Сол сапарында Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің шығу тарихын қойын кітапшасына түртіп алыпты деген дерек те бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазушы Еркінбек Тұрысов та әннің осы бір шығу тарихы жайында «Келіншектау» кітабында қозғап кеткен. Филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойбек: «Сәкен Сейфуллиннің Созақта болып, Тоқабайдың үйінде бірер ай дамылдағаны рас. «Тау ішінде» әні Сұлушаш апамызға арналғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Сәкен сері ай десе аузы бар, күн десе көзі бар Сұлушаштың қолынан дәм татып, ризалығын сол әнімен жеткізген ғой. Бұл әнді теріскейдегі созақтықтардың салтанатты жиындарда, той-томалақтарда жиі шырқайтындары сондықтан. Сондай-ақ «Тау ішіндені» Қаратаудың күнгей жақ бетіндегі Бәйдібек ауданының облысқа танымал әншісі Таңат Мамырханов та үнемі тамылжыта шырқап келеді», дейді.
Әннің шығуы жайындағы осы бір деректердің шындыққа қаншалықты жақын екенін анықтау үшін Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен тағдырын түбегейлі зерттеп, талай туындылар жазған ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің үйіне телефон шалып: «Тұрсынбек аға, Сәкен «Тау ішінде» әнін қай жерде шығарды? Көкшетауда ма, Қаратауда ма? Сондай-ақ әннің тууына нендей жағдай себеп болған?» деп сұрадым. Ол: «Ән Қаратауда туған. Сәкен Колчактың Омбы түрмесінен қашып шығып, Арқаны көктей өтіп, Әулиеатаға бет алып бара жатып, Созақта бірер ай аялдайды. Сол жердегі Сұлушаш деген жас көрікті әйелге арнап шығарған. Оған ешкімнің күмәні болмасын», деді. Сәкеннің шешімі жұмбаққа айналған «Тау ішінде» әнінің сыры осында екені кәміл. Кәкішевтің тұжырымды сөзінен кейін көңілде күмән қалған жоқ.
Ақын Тұманбай Молдағалиев: «Жырым мені ешқашан өлтірмейді, Әнім мені алысқа жетелейді...», деп жырлаған емес пе. «Тау ішінде» әні шырқалған сайын мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-сазгер Сәкен Сейфуллин әрдайым есімізге оралады. Бұл ән Сәкен серінің атын ешқашан өлтірмей, әлі талай жылдарға жетелейтіні анық.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ