• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Маусым, 2021

Жалал-ад-диннің тасы

1471 рет
көрсетілді

Лондонның Блумсбери қалашығы аумағында орналасқан әлемдегі ең ірі музейдің бірі – Британ музейінде Хорезм мем­лекетінің соңғы ханзада-шахы, тарихта моңғол шапқын­шылығына алғаш рет тойтарыс берген, аса ірі қолбасшы-жауынгер Жалал-ад-диннің тасы бар екен. Бұл бұйым жайлы жақында өзбекстандық баспасөз құралдары ақпарат таратты.

Жәдігердің сипатына үңілсеңіз, кәдімгі ағын судың малта тасы тәріздес. Бетіне шаршыланған жайнамаз формалы, көлемі 2х1 (ұзындығы енінің екі есесіне тең) болатын төртбұрыш пошым шебер бәдізделіп, оны айналдыра Құран аяттары шекілген екен. Сондай-ақ бұл іс 1230 жылы жасалғаны жайлы дерек жазылыпты. Жоғары­да­ғы музейлік анықтамалықта: тас­тың биіктігі – 47, ені – 29 сантиметр делініп, бұйым 1990 жылы Иранның Тебриз қаласынан сатып алынғандығы жайлы мәлімет келтіріліпті.

Тастың иесі Жалал-ад-дин сұл­­­тан жайлы айтар болсақ, ол – атақты Хорезм билеушісі Мұха­мед­шахтың баласы. Кейбір оқы­мыстылар (В.В.Бартольд, Б.Кө­меков) Жалал-ад-диннің анасы түркі-қыпшақ, соның ішінде арғын тайпасының қызы болғанын айтады. Аты – Айшешек. Олай бо­луы әбден мүмкін. Өйткені хо­резм­діктер кең даланы жайлап жат­қан ержүрек қыпшақтармен құда болуға аса құштарлық таныт­қан.

Шығыс­танушы, үлкен ғалым Илья Пет­ру­шевский ортағасыр­лық парсы тарихшысы ән-На­сауидың еңбектеріне сүйеніп: «Жалал-ад-дин аса талантты әс­кери қол­басшы, ол моңғол шап­қын­­шы­лы­ғына қарсы тұрып, қайт­пай соғысқан Еуразиядағы жалғыз тұлға. Ол өз мақсаты жолында, Шығыс Азия халықтарын, Қап­қаз жұртын, оның сыртында хрис­тиан дініндегі грузин мен армения­лық­тарды, кішіазиялық селжұқ сұл­тандарын, Бағдад халифатын моңғол басқыншыларға қарсы тұ­ру­ға шақырды» деген пайым жасайды.

1220 жылы Мұхамедшах өл­геннен кейін билік Жалал-ад-диннің қолына көшеді. Біз біле­тін бір дерек, Шыңғысхан 1221 жылы мықты өрліктерінің бірі Шықи­құтагты қолбасшылыққа та­ғайындап, оған 30 мың шерік беріп Перван (Паруан) қаласын шабуға жібереді. Осы топқа азғана жасақпен қарсы шыққан Жалал-ад-дин екі күннің ішінде тоз-тозын шығарады.

Бұл хабар құлағына жеткен Шыңғысхан Жалал-ад-динге қар­сы өзі қол бастап аттанады. Ұлы қағанның жер қайысқан жасағына төтеп бере алмаған Жалал-ад-дин Инд дариясына келіп тіреледі. Шыңғыс болса, бұл жігіттің ерлігі мен жауынгерлік рухына сүйсінгені соншалық, тоғыз өрлігі мен атақты төрт ноянын шақырып «Жалал-ад-динді тірі ұстаңдар!» деп бұйырады.

Бар жасағы қырылып жалғыз өзі тірі қалған Мұхамедшахтың ұлы астындағы тұлпарымен биік жардан асып, буырқанып жатқан дарияға қарғып кетеді. Онымен қоймай арғы жағаға аман өтіп алып, екінші бетте көз алмай қа­рап тұрған Шыңғысханға «Ей, жа­һанды жаулаушы нағыз ер бол­саң, бері өтіп кел! Армансыз айқасайық!» деп кіжінеді.

Жалал-ад-дин сол кеткеннен мол кетеді. Моңғолдарға қарсы жа­сақ жинау үшін Үндістанға бара­ды, Қап тауын аралайды... Сөй­тіп жүргенде 1227 жылы «Шыңғыс өлді» деген хабар тиеді құлағына. Сонда батыр-жиен «О дүние-ай, менімен шайқасуға жарайтын әлемде бір адам туып еді, ол да өліпті. Онымен бір айқасып іштегі шерімді тарқатсам еді. Енді күйіктен өлетін болдым-ау» деп еңірепті. Расында, ол 1231 жылы күз айында Күрдістанда шерленіп жатып көз жұмыпты.