Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында «Астана Опера» театрында мәдениет пен өнерді насихаттап жүрген журналистер «Алтын Томирис» сыйлығымен марапатталды. Айта кетейік, бұл сыйлық биыл алғаш рет беріліп отыр.
Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» театры бірлесе ұйымдастырған марапатты министр Ақтоты Райымқұлова табыс етті. «Алтын Томирис» мүсіншесі театрдың дәл төбесіндегі квадрига түрінде жасалған. Онда күйме арбаның тізгінін ұстаған сақ патшайымы Томирис бейнеленген. Марапатталғандар қатарында «Хабар 24», «Қазақ ТВ», «Қазақстан», «Абай ТВ», «Мир», «Еуразия» бірінші арнасы» телеарналары, «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Астана Ақшамы», «Вечерняя Астана», «Новое поколение», «Литер», «Караван» газеттері, Tengrinews.kz, Zakon.kz, Қазақпарат, Sputnik Казахстан, Nur.kz, Baigenews.kz ақпараттық агенттіктерінің тілшілері, сонымен қатар танымал блогерлер де бар.Салтанатты рәсім аяқталған соң мерекелік концерт ұсынылды. Сахнаға опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева, Елена Ганжа, Әсем Сембина, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, «КВИКОНТЕ» үрлемелі аспаптар квинтеті және концертмейстер Раушан Бескембирова шықты. Бағдарламаға Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі», Латиф Хамидидің «Бұлбұл», Әліби Әбдінұровтың «Қуырмаш» тәрізді қазақ композиторларының әндері енді. Сонымен қатар Джакомо Пуччинидің «Богема» операсынан «Мюзеттаның вальсі», Франц Легардың «Страна улыбок» опереттасынан дуэт, баршаның сүйіктісіне айналған Консуэло Веласкестің «Bessame Mucho», Луиджи Ардитидің «Поцелуй», Муслим Магомаевтың «Синяя вечность», Эдуардо ди Капуаның «О sole mio», Доменико Модуньо мен Франко Мильяччидің «Volare» әндері шырқалды.