Павлодар облысында елорда күніне орай қандай шаралар өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы онлайн өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Оспанова мәлім етті.
«Мерекелік шаралар барысында 3 шілдеде астана күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаев ескерткішінің ашылуы өтеді.
Ескерткіш Павлодар облысының әкімдігі атынан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне сыйға тартылады. Оның авторы – белгілі мүсінші, бірқатар үлкен ескерткіштердің авторы Асқар Нартов. Ескерткіш елордадағы Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің қиылысындағы «Қазақстан» спорт кешенінің алдында орнатылады», деді Сәуле Оспанова.
Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 5,25 м, салмағы 4,9 тонна.
Тұғыр тасы граниттен жасалған, биіктігі – 5,8 м, салмағы – 3,6 тонна.
Сондай-ақ астана күніне Павлодар облысы бойынша 270-тен астам іс-шара өткізу жоспарланып отырғанын айтты.