Бүгін облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі вакцина алғандар арасында ақшалай ұтыс ойынын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақшалай ұтыстың жүлде қоры – 40 миллион теңге. Оның 10 миллион теңгесі бас жүлдеге беріледі. Бүгін, 30 маусымынан бастап 200 мың теңгелік 10 сертификат әр он күн сайын 30 қыркүйекке дейін вакцина алғандар арасында ойнатылады. Тамыз айында 30 маусым-31 шілде аралығында вакцина алғандар үшін 3 миллион теңге көлемінде 2 сертификат ұтысқа шығарылады. Ал, қыркүйекте 1-31 тамыз аралығында екпе алғандар үшін тағы 3 миллион теңгенің 2 сертификаты ойнатылады. Қазан айында бас жүлде – 10 миллион теңгені ұту үшін 1 ақпан-30 қыркүйек аралығында вакцинаның І немесе ІІ компонентін салдырған тұрғындар қатысады» дейді «Азаматтық альянс» ЗТБ төрағасы Әлібек Семғалиев.
Оның айтуына қарағанда, жеңімпаздар Атырау облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ-ның әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирінде анықталады. Оған акцияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері тартылмақ.