• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Маусым, 2021

Тоқаев пен Сағынтаев – ағылшын тілі пәні бойынша ең үздік оқушылар

701 рет
көрсетілді

Елімізде ағылшын тілі мұғалімдері мен Шекспир тіліне ынта қойған оқушылар арасындағы бірнеше республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды.

Бұлар – «Бастауыш сыныпқа арналған ағылшын тілі: ойнау арқылы оқыту», My best student’s book Aspect/Action 10-сынып, Aspect/Action 10-11-сынып for Kazakhstan, My best student’s book Excel 5-9-сынып, Excel 5-9-сынып for Kazakhstan, «Менің жасыл планетам» және «Арманға жету жолында» білім додалары.

Мектеп оқушылары ара­сындағы байқау жеңімпаз­дары­ның ішінде Талдықорғаннан Әлихан Тоқаев пен Нұр-Сұл­таннан Тимур Сағынтаев та бар. Ең бастысы – бұл балалардың тектері емес, білімдері.

– Мен Президентпен жай ғана тектеспін, біздің бір-бірі­мізге туыстығымыз жоқ, – деп әңгімені бірден бас­таған жоғары сынып оқушысы Әли­хан Тоқаев одан әрі былай дейді: – Әрине, талай адам бұл туралы сұрайды, бірақ бұл маған және менің дамуы­ма еш әсер еткен жоқ. Ма­ған президенттің тегі үшін бес қой­майды. Саясатқа баруды да жос­­парламаймын, медиа саласында зерттеу жүргізгім келеді, сол үшін тіл үйреніп жатырмын, өйткені тіл әлемге жол ашады. Президентті тек теледидардан көрдім, егер біз кездесіп қал­сақ, әрине, қалай Мемлекет басшысы болуға болатынын, елді басқару қаншалықты қиын екенін, оның өмірі қандай, шет тілдерін қайдан үйренді деген сауалдар қояр едім.

– Мен Бақытжан Сағын­таев­тың кім екенін де білмеймін, Алматыда тұрмаймын, еліміздің астанасында тұрамын, – деп таң­данды алтыншы сынып оқу­шысы Тимур Сағынтаев. – Біз жай ғана тектеспіз. Кейін кім болатынымды білмеймін, қазір мен ағылшын тілін үйре­ніп жүрмін, бұл мен үшін ма­ңызды. Содан кейін басқа тілді үйренгім келеді, өйткені бұл менің қолымнан келеді.

Edu Stream білім беру ор­талығы мен Express publi­shing халықаралық баспасы осымен бесінші жыл өткізіп жатқан ағылшын тілін үйренушілерге арналған байқауларға қатысу­шылардың деңгейі айтарлықтай жоғары екенін атап өту керек. Пандемияға қарамастан, қаты­сушылардың саны өсті, биыл Қа­зақстанның түкпір-түкпірінен 500 мұғалім мен 3000 оқушы өздерінің сабақтарының бейнежазбаларын жіберді, тіпті бұрын осы пәнді білмеген Ба­тыс және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарынан қатысқандар да бар. Балалар өз шағын фильм­дерінде қазақ және британ дәстүрлерін зерттеп, салыстырды, планетаға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қам­қорлық жасауға шақырды. Тіпті бір қыз жердегі барлық адам тең екенін дәлелдей отырып, «Қара жорға» мен британдық Морис биінің арасында параллель жүргізді.

– Өз мұғаліміммен бірге био­­логия туралы ағылшын тілін­­де бейнематериал түсіріп жат­­қан кезім маған ұнады, – деп мойындады Гран-при иегері Иван Казьмин. – Сол уақыт ішінде мен болашақта өз жұ­мысымды экологиямен бай­ла­ныстырамын деп шештім, өйт­кені егер біз қазір ғалам­шар­ды күтуді бастамасақ, жүз жыл­дан кейін тіршілік атаулы жойылуы мүмкін.

– Мен мұғалімдер мен олар­дың оқушыларының техни­калық, зияткерлік, ақпараттық, ком­муникативтік жағынан да­муының нәтижесін көріп отырмын, олар үш тілде сөйлейді. Біз сондай-ақ айқын азаматтық ұстанымды, патриотизмді, өз еліне деген сүйіспеншілікті байқаймыз. Біз басқа, жоғары саналы деңгейге жетіп жатқан жаңа буынды көріп отырмыз. Мұның бәрі біздің ең­бегіміз, өйткені мұғалімдер шә­кірттері үшін өмір сүреді және жұмыс істейді, ал олардың же­тістігі – біздің мақтанышымыз.

Енді мұғалімдерді жақында жаңа шығармашылық бейнематериалдар байқауы күтеді, онда олар өз жұмысы туралы креа­тивті түрде әңгімелейтін болады. Байқау бір жыл бұрын карантиннің ең қиын кезеңінде оқытушылар мен оқушыларды қолдау мақсатында басталған бо­ла­тын, дейді Edu stream білім беру ор­талығының бас директоры.