Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады, деп жазады Egemen.kz.
Түркіменстан көшбасшысы өз елінің біраз уақыттан бері түркі мемлекеттерімен тығыз бауырластық қатынастар жүргізіп келе жатқанын және өзін түркі әлемінің ажырамас мүшесі санайтынын жеткізді. Ол бұл байланыс Түркіменстан мен Түркі кеңесі арасындағы тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізуге берік негіз болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Түркі кеңесінің Бас хатшысы Президент Бердімұхамедовке алғысын білдіріп, Түркіменстан әрдайым түркі әлемінің ажырамас бөлігі болғанын және тамыры тереңде жатқан ортақ тарихтың, мәдениет пен мұраның қазынасы екенін айтты.
Б.Әміреев Түркі кеңесі бауырлас Түрікменстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси өмірдегі маңызды істерді қалай орындайтынын және халықаралық аренада лайықты орынға ие екенін де атап өтті. Түркіменстан мен оған мүше мемлекеттер арасындағы дамыған екіжақты қатынастарды жоғары бағалайтынын да жасырмады.
Бас хатшының айтуынша, Түркі кеңесі - Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін берік негіз болады.
Бағдат Әміреев Түркіменстанның өзара байланысты арттыру және тұрақты дамуды, экономикалық өсу мен тұрақтылықты сақтау мақсатында мүше елдермен ынтымақтастықта да, алыс-жақын мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жүргізетін диалог процестеріне де белсенді қатысып келе жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ол Президент Бердімұхамедовке Түркі кеңесінің қазіргі қызметі мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
2021 жылдың қарашасында, Стамбұлда өтеді деп жоспарланған Түркі кеңесінің VIII саммитіне дайындығы туралы да айтып берді.
Б.Әміреев бұл саммитте қабылданатын маңызды шешімдердің Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейге көтерілуіне әсер ететінін және түркі әлеміндегі қатынастардың мықты трансформациясын белгілейтінін баса айта отырып, Түркіменстан Президентінің бұл маңызды саммитке қатысуы - түркі әлемінің бірлігін көрсететінін атап өтті.
Түркіменстан Президенті Түркі кеңесінің екі тарапты қызықтыратын салалардағы жобаларына әрі қарай да Түркіменстанның қатысуға дайын екенін білдірді.
Президент Бердімұхамедов пен Бас хатшы Әміреев Түркіменстанға Ұйымда ерекше мәртебе беру мақсатында Түрікменстан мен Түркі кеңесінің болашақтағы ынтымақтастығын талқылады.
Сондай-ақ, түркімен көшбасшысы мен бас хатшысы қазіргі жаһандық және халықаралық күн тәртібіндегі кейбір мәселелер бойынша да пікір алмасты.