Кеше Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші шақырылымдағы жоғары заң шығарушы органның бірінші сессиясының жұмысы аяқталды. Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қатысты.
Отырыс барысында Мәжіліс Спикері бірінші сессияда атқарылған жұмыс жөнінде баяндама жасады. Нұрлан Нығматулин сессия жұмысы Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталғанын атап өтіп, депутаттық корпустың заң шығару жұмысындағы негізгі басымдықтар Елбасының Стратегиялық бастамаларын, Президенттің сессияның ашылуында алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға арналғанына назар аударды. Cонымен қатар Мәжіліс Төрағасы қос Палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 жыл толғанына тоқталып, биыл өткен кезекті Парламент сайлауында Мәжіліс құрамы 70 пайызға жаңарғанын атап өтті. Мәжіліс жұмысындағы тағы бір ерекшелік, бірнеше комитеттің төрағалары және хатшылары бұрын болмаған парламенттік оппозициядан сайланды. Мәжіліске өткен барлық фракцияның, сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары бірінші күннен бастап бірлесе жұмыс істеді. Бірінші сессия барысында Парламент Палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің – 23, Сенаттың 21 жалпы отырысы өткізілді. Қос Палата депутаттарының қарауына 104 заң жобасы келіп түскен. Бүгінде олардың 63-і қабылданып, 58 заң жобасына Президент қол қойды. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, депутаттық корпус Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаны заңнамалық жағынан қамтамасыз етті. Бұл бағытта еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық Заңына түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді. Сайлауда берілетін барлық деңгейдегі бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген қосымша графа енгізілді. Тағы бір ерекшелігі, ауыл және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін нормалар қосылды. Бұл нормалар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға және ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді. «Осы сессияда біз қабылдаған және бүкіл елдің назарында болған тағы бір заң жобасы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен заң деңгейінде нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынды. Осы саланың басқа мәселелерін шешу үшін Парламент жер қатынастары туралы заң жобасын қабылдады. Заңға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын сақтай отырып, жерді жекеменшікке беруді 5 жылға тоқтату туралы норма енгізілді», деді Мәжіліс Төрағасы.Сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіп, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд теңге қаралса, 140 млрд теңге қаржы республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасына» 100 млрд теңге, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд теңге ақша бөлінді. Короновирус індетіне қарсы күреске байланысты бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қарастырылды. «Бір мәселе туралы ерекше айту керек. Бұл – елімізде қалыптасқан коронавирус індетіне қарсы күреске байланысты. Бұл мәселенің еліміз үшін, халқымыз үшін маңыздылығын ескере отырып, бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қаралды. Осының барлығы, әрине, аз ақша емес. Сондықтан Парламент барлық қаражатты мақсатқа сай тиімді пайдалануға әрқашанда қатаң бақылау жасап келеді. Себебі бюджеттің әрбір тиыны нәтижелі, тиімді жұмсалуы керек. Оны әрбір қазақстандық азамат білуі қажет және сезінуі қажет», деді Нұрлан Нығматулин.Мәжіліс Спикері өткен сессияда Парламент 31 халықаралық және мемлекетаралық келісімді ратификациялағанын айтты. Екі Палата депутаттарынан қолдау тапқан «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заң басқа елдер мен ұйымдардың арасында мемлекетіміздің мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді. Мысалы, олар Қазақстан алдында алған міндеттерін жүзеге асырмаған жағдайда, еліміз халықаралық шарттарды орындауды тоқтататын болады. Нұрлан Нығматулин бірлескен отырыста атап өткендей, осы сессияда Парламенттің екі палатасының жұмысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздері бастамашы болған 24 заң жобасы қаралды. Оның 15-і қабылданды. Заң жобалары қоғам өмірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Атап айтқанда, олар – Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық Заң, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуге қатысты заң жобалары. Жүргізілген реформалар сот жүйесіне жаңа білікті мамандарды жұмылдырып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуді көздейді. Мұндай шаралар, ең алдымен, халықтың соттарға деген сенімін нығайту үшін қабылдануда. Сонымен қатар депутаттар бастамасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері туралы», «Қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері туралы» және «Инклюзивті білім беру мәселелері туралы» және басқа бірқатар маңызды заң жобасы әзірленді. Өткен сессия барысында Парламентте 3 «Үкімет сағаты», бір Парламенттік тыңдау, 35 дөңгелек үстел өтті. Комитеттердің 8 көшпелі отырысы болды. Бірінші сессия жұмысы барысында Мәжіліс депутаттары – 233, Сенат депутаттары 45 депутаттық сауал жолдады. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, банк жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өңірлік даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қорғаныс, құқық тәртібі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да маңызды мәселелерге арналды. Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан 6158 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірінші сессия кезеңінде Парламент Палаталары депутаттарының қатысуымен барлығы 170-ке жуық халықаралық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Сенат пен Мәжіліс Төрағаларының басқа елдердің өкілдерімен кездесулері халықаралық ынтымақтастық үшін зор маңызға ие болды. Сессия барысында қос палатаның депутаттары 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеп, жоспарлы түрде әлемнің 80-нен астам елінің Парламент өкілдерімен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырды. «Осы сессияда уақыт талабына сай жасалған жедел және нақты қадамдардың арқасында біз Елбасымыз және Президентіміз алға қойған міндеттерді сапалы заңдармен қамтамасыз еттік. Ол заңдар ең алдымен, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті проблемаларын шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Сонымен бірге тиімді заңдардың арқасында елімізде саяси, экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыруға заңнамалық тұрғыдан нақты қадамдар жасалды. Сондықтан жетінші шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында қол жеткен нәтижелер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосылған зор үлес деп білеміз», деді Мәжіліс Төрағасы. Алдағы жұмыс жоспарына тоқталған Нұрлан Нығматулин келесі сессияда Мәжіліс депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұрғанына тоқталды. Қазіргі уақытта төменгі Палата қарауында 35 заң жобасы бар. Олардың ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі», «Семей ядролық қауіпсіздігі аймағы туралы», «Әскери полиция органдары туралы» заң жобалары бар. Сонымен қатар, келесі сессияда құқық қорғау қызметінен өту тәртібін жетілдіру, мемлекеттік жастар саясаты, «Қоғамдық бақылау», басқа да өзекті мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын қабылдау көзделіп отыр.