Шымкент қаласында такси жүргізушілерін тонап, өлтірген қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарылды. Төрт қылмыскердің екеуі қалған өмірін темір тордың арғы жағында өтейтін болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қылмыстық топ мүшелері сәтсіз аяқталған әрекеттерді есептемегенде, 13 күнде екі адамды өлтіріп, тағы екеуін ұрып-соғып, тонап кеткен.
Сотталушылар сот үкімін онлайн тыңдады. 22-37 жас аралығындағы шымкенттіктердің қылмыстық әрекеттері өткен жылдың 4 қазанында басталған. Сол күні олар екі телефон мен ақша ұрлаған. 8 қазанда қылмыстық топтың ең кіші мүшелері Нұрсұлтан Нұрадинов пен Мейірхан Кенжебек 23 жастағы жүгіттің 37 мың теңгесін ұрлап қана қоймай, өлтіріп, денесін өртеп жіберген. Бес күннен кейін олар дәл сол схема бойынша 38 жастағы азаматты 60 мың теңге үшін өлтіріп кеткен. Сот залында марқұмның ағасы болды.
«Біз сот үкімімен келісеміз, бірақ кінәлі тарап апелляцияға берген жағдайда, біз соңына дейін күресуге дайынбыз. Олар менің ағамды өлтірді. Енді оны ешкім қайтара алмайды. Оның артында екі бірдей баласы қалды», дейді марқұмның інісі Ақжігіт Яситов.
Қылмыскерлердің тағы екеуі Ахметов пен Күмісов кісі өлтіруге қатыспағаны белгілі болды. Бірақ такси жүргізушілерін тонаған дәл солар. Сот оларды 10 және 11 жылға бас бостандығынан айырды.
«2020 жылдың 11 қазанында қылмыстық топ Шымкенттегі Д. үйінің алдына кележі. Ахметов пен Күмісов айналаны қадағалап, сақ болу үшін көлікте қалса, Нұрадинов пен Кенжебек пышақтармен қаруланып, дуал арқылы үйге кірмек болды. Бірақ терезелерге металл торлар орнатылғандықтан ішке кіре алмады», делінген сот үкімінде.
Қылмыскерлердің барлығы бұрын сотты болған. Оған қоса, барлық қылмыстарды мас күйлерінде жасаған. Олардың үшеуі жазаларын төтенше қауіпсіздік колонияларында өтейді.
Ботагөз АМАЛБЕК