• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 01 Шілде, 2021

2 шілдеден бастап тұрғын үй сертификаттарын алуға өтініштер қабылданады

457 рет
көрсетілді

Алматы қаласында 2 шілдеден бастап тұрғын үй сертификаттарын алуға өтініштер қабылдау басталады. Оларды «Шаңырақ» пен «Бақытты отбасы» бағыттары бойынша пайдалануға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өтініш берер алдында «Отбасы банк» АҚ-да төлем қабілеттігін растауы қажет.

2021 жылы тұрғын үй сертификаттарын беруге 2 млрд теңге бөлінді. Сертификаттар кезекте тұрған 2 000 адамның бастапқы жарнасының бір бөлігін жабады. 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар қайтарымсыз негізде 1 млн теңге сомасына тұрғын үй сертификаттарын ала алады.

Сертификатқа ие болу үшін өтінішке жеке куәлік, соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, банктің тұрғын үй заемын беруді мақұлдау туралы хаты қоса беріліп, тұрғын үй саясаты басқармасына жүгіну қажет.

«Құжаттар қағаз бумасымен қабылданады. Тұрғын үй сертификатын беру немесе беруден бас тарту туралы хабарлама үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификаты өтінім берушімен бірге тұратын отбасы мүшелерінде соңғы алты айда еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген көрсеткішінен, яғни 106 336 теңгеден аспайтын орташа табысы болған жағдайда беріледі», деп хабарлады тұрғын үй саясаты басқармасынан.

Өтінім барлық талаптарға сай болып, сертификат табыстау мақұлданған жағдайда тұрғын үй сертификатының сомасын аударудың ең ұзақ мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.