Қазір көптеген адам шұғыл ақша керек болса, таныс-тамырына хабарласып, жалынып жатпайды. Бірден онлайн кредит рәсімдеп, қолма-қол ақша ала қояды. Бірақ оңай олжаның соңы опық жегізетінін жұртшылық ескере бермейтіні өкінішті. «Көрінбейтін» кредиторлар арқылы жұртшылық үйде отырып-ақ, телефон немесе компьютер арқылы несиені оп-оңай жолмен ала алады. Бірақ онлайн кредит оңай болғанымен, оны өтеу пайызы тым қымбат болып тұр.
Кредитті онлайн рәсімдеу расымен де жеңіл әрі көп құжат та талап етілмейді, яғни жұмыс орнынан анықтама қағаз, зейнетақы төлемдерінің бар-жоғын, несие тарихын сұрап, басыңызды қатырмайды. Несие үшін банк бөлімшелеріне барып, уақыт кетірудің де қажеті жоқ, кепіл де керек емес. Тек ЖСН мен ұялы телефон болса жеткілікті: 15 минуттың ішінде сұраған ақшаңыз төлем картаңызға түсіп тұрады.
Бірақ несиені оңды-солды үлестіре беретін қызметтің бұл түрі біраз адамды сан соқтыртты. Талай адам ұшы-қиыры жоқ қарызға белшесінен батты. Ол ол ма, заңның солқылдағынан алаяқтар басқалардың сыртынан кредит рәсімдеуді жиілетті. Ресми дерекке сүйенсек, биыл интернет және ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық 139%-ға артқан екен. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық.
Міне, интернет арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалардың көбейіп кетуіне байланысты Үкімет, тиісті мекемелер онлайн кредит мекемелерінің жұмысын ерекше қадағалауға алып, 2021 жылы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн несие алуға байланысты клиенттерді идентификаттау жөніндегі талаптарды қатаңдатты. Агенттіктің жобасы – Fingramota.kz. порталында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жаңа талаптарға сәйкес енді клиентті аутентификаттау үшін мынадай үш тәсілдің біреуін пайдалану міндетті делінген: ұлттық куәландыру орталығы беретін электронды цифрлы қолтаңба; Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының Жеке деректерді өңдеу орталығы көрсететін қызметтерді пайдалану арқылы биометриялық идентификаттау және екі факторлы аутентификаттау. Несие алушыны идентификаттамай, микрокредиттер беруге қатаң тыйым салынады.
Жалпы еліміздің Азаматтық кодексінде кез келген адам және кез келген заңды тұлға қарыз бере алады деп көрсетілген, яғни азаматтың бәрі бір-біріне несиеге ақша бере алады. Бұл бір жағынан дұрыс норма сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның екінші жағы бар. Мысалы, банктерді, микроқаржы ұйымдарын Ұлттық банк қадағалап, реттей алады, оларға бұл ұйымдар бағынады да. Ал Ұлттық банк реттемейтін ұйымдар беретін қарыздың барлық тәуекелін несие алушы өзі көтереді, бұған реттеуші ұйым араласа алмайды. Сондықтан әсіре сақ болған жөн. «Реттелмейтін кредиторлардың көбі қарыздарды жоғары мөлшерлемемен үсынып, шектеулер мен талаптарды сақтамауы мүмкін. Сондықтан келісімшартпен жақсылап танысу қажет. Қандай қосымша немесе жасырын төлемдер бар екенін міндетті түрде көрген жөн. Кейбір компаниялар қарыз сомасының үштен бір бөлігін құрайтын кредиттің өзін ұйымдастыру үшін ақы алады. Мысалы, берілген 150 мың кредиттен 50 мың теңгені қызметақыға төлеуге тура келеді. Негізі банктік қарыздар және микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56%-дан аспауға тиіс. Бұл ұзақ мерзімге алынған қарыздарға қатысты. Егер сіз ақшаны қысқа – 45 күнге дейінгі мерзімге алатын болсаңыз, онда мөлшерлеме айына 30%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұдан басқа мұндай қарыз көлемі 50 ЕАК немесе 145 850 теңге мөлшерінде шектеулі. Қысқа мерзімді онлайн-қарыздар бойынша негізгі борыш және пайыз сомасын бірден және толығымен қайтару қажет болатын фактіні де ескеру қажет. Оның үстіне мұны мерзімін өткізбей істеген дұрыс. Олай болмаған жағдайда, айтарлықтай көлемде өсімпұл есептеледі» дейді Fingramota.kz.
Биылдан бастап енгізілген тәртіп бойынша, қарыз түрінде ақша берумен айналысатын барлық компания есептік тіркеуден өтуге міндетті. Сондай-ақ 2021 жылдың наурыз айынан бастап міндетті түрде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуы керек, клиент осы лицензияны талап еткені жөн. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінде 1016 микрокредиттік ұйым есептік тіркеуден өтіп, лицензия алған. Жыл басынан бері олардың саны 181-ге азайған. «Осылайша, кейбір ұйымдар лицензиялау рәсімінен өтпеді. Несие рәсімдегісі келген азаматтарға айтарымыз, лицензияланбаған ұйымдармен шарт жасасуға болмайды. Проблемалар туындаған кезде сіз мұндай компанияның әрекетін тек сот тәртібімен ғана шеше аласыз», делінген ресми ақпаратта.
Ал микронесие алғалы отырған ұйымның тіркеуден өткен-өтпегенін білгіңіз келсе, https://www.gov.kz/memleket/ entities/ardfm сайтынан тексеріп көруге болады.