• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 02 Шілде, 2021

Тез тарайтын штамм Шымкенттен де шықты

609 рет
көрсетілді

Маусымның соңғы күні эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары аймақта» болған Шымкент шілдені «қызыл» болып бастады. Өткен тәулікте үшінші мегаполисте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 143 жағдай тіркелген. Оның ішінде 46 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 97 адам үй бақылауына алынды.

Жағымсыз хабардың тағы бірі шымкенттіктерден жаңа штамның анықталғаны болып отыр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бейсенбінің сәске­сінде әлеуметтік желіде жайсыз хабарды жария етті.

«Жаңа штамның түрі жаман, тез тарайды, жұққан адамның ауруы тез асқынып кетеді. Ата-анаңыз бен балаларыңызды сақтап жүріңіз. Балалар арасынан да көп шығып жатыр. Бүгін туға­нына бір ай толмаған сәбиден табылды», деді әлеуметтік же­лідегі жазбасында әкімнің орынбасары.

Ал түс ауа Шымкент қала­сының бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев мегаполисте індет жұқтырғандар арасынан «Дельта» штамы анық­талғанын мәлімдеді.

«Қазір тексеру жүргізілуде. Біз науқастардың сынамаларын жібердік. Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі Санитариялық-эпи­­­­демиологиялық бақылау коми­тетінің Ұлттық сараптама ор­талығында зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Дегенмен «Дель­­та» штамы Шымкентке де жет­ті деуге негіз бар», деді Ә.Тө­­лебаев.

Сондай-ақ ол соңғы тәу­лікте анықталған 143 індет жұқ­тырғандардың 14-і 14 жасқа дейінгі балалар екенін, олар не­­гі­­зінен ата-аналарынан жұқ­тырғанын нақтылады.

«Қаладан МПК лабораториясында қайта тексерілген 20 сынаманың, яғни вирустың мутациясының түрін зерттеу­ге науқастардан алынған 20 үлгінің 7-уінен «Дельта» штамы анықталып отыр. Шымкент қа­ласында соңғы екі апта ішінде коронавирус аурушаңдығының 908 жағдайы тіркелді, оның ішінде симптомды – 637 (70,2%), симп­томсызы – 271 (29,8%). 18 жасқа дейінгілер арасында 148 жағдай тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл ересектердің арасында ауру­­шаң­дықтың симптомсыз түрі 3,2 есе мен балалар арасында 4,4 есе жоғары тіркелуде», дейді Ә.Төлебаев.

Қаланың «қызылға» өтуі және жаңа штамның табылуы көп­шілікке де ой салып отыр. Бұл орайда бір тәулік ішін­де қалада 7 558 адам вакцина алды. Оның ішінде бірінші ком­понентпен 4 304, екінші ком­понентпен 3 254 адам вакцина салдырды. Егу науқаны бас­талғалы барлығы 263 358 адам екпе салдырған. Оның ішінде 159 895 адам вакцинаның екі компонентін алды. Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сала мамандары мен аудан әкімдеріне тұр­ғын­дардың вакцинаға деген оң көз­қарасын қалыптастыру үшін түсін­діру жұмыстарын күшей­туді міндеттеді.

«Вакциналауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды. Бүгінде вакцина алатын контингенттің 47%-ына вакцина салынды. Екпе егу қарқынын бәсеңдетпей, түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Созылмалы ауруы бар азаматтар мен мәдениет, өндіріс, қызмет көрсету, білім және студенттер мен құрылысшыларды вакциналау керек», деді қала әкімі.

Сондай-ақ Мұрат Әйтенов ауда­н әкімдеріне пандемия кезінде кә­сіпкерлерге жұмыс істеуге мүм­кіндік беретін Ashyq жобасына көшуді ұйымдастырып, эпи­демиялық жағдайдың қан­шалықты күрделі екенін біле тұра той жасайтындарды тоқтату ке­рек екенін айтты.

Тойды мүлде тоқтату қи­ын­дау болып тұрғаны рас. Қала аумағында санитарлық-эпи­­де­­миялық талаптардың сақ­та­­луы бойынша мониторинг жүр­­гізетін 20 мобильдік топ 30 мау­сымда 201 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде 7 нысанда карантин ре­жімінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал 27 мау­сымда Шымкент қаласында ор­наласқан «Ақбастау» мейрамханасы карантиндік шектеулерді бұзып, келушілерді қабылдап жатқаны анықталған. Сондай-ақ дәмханалардың бірінде 100 адамға арналған қыз ұзату тойын өткізіп жатқаны белгілі болды. Аталған жайт бойынша карантин талаптарын сақтамай, жұмысын жалғастырған дәм­хана әкімшісінен түсініктеме алынған. Әл-Фараби ауда­ны әкімі аппаратының қыз­меткерлері қалалық полиция департаменті мамандары­мен бір­ге мейрамханаларға жүр­гіз­­ген кезекті рейд барысында тұр­­ғындардың аудан аума­ғына қарас­ты «Мерей», «Шымкент-Холл», «Теріскей», «Нарлен» мей­­рамханаларында құдалық, бет­ашар, ұзату сынды той өт­кі­зілгенін анықтап, олар­ға тос­қауыл қойды. Демалыс күн­дері 84 кәсіпкерлік нысанға рейд жүр­­гізіліп, карантин талаптары сақ­­талмаған 9-ына айыппұл салынған.

 

Шымкент