• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 02 Шілде, 2021

Жетісудан «Үнді» штамы анықталды

237 рет
көрсетілді

Алматы облысында «Дельта» штамы анықталды. Өңірде КВИ белгілері бар 17 мыңнан аса жағдай тіркелді. Ал соңғы тәулікте 52 адам індетке шалдыққаны расталып отыр. Бұл туралы Jetisy Media алаңында мәлім болды.

Эпидемиялық бақылау матрицасына сәйкес облыс «жасыл аймақта» орналасқан. Десе де Балқаш, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қарасай, Қаратал, Сар­қан, Көксу, Талғар аудандары мен Те­келі қаласында аурудың өсу қар­қыны жоғары болып тұр.

«Эпидемиологиялық тексеру барысында инфекцияның ықтимал орындары анықталды. Мәселен, бір отбасы мүшелері арасында жұқ­тыру көрсеткіші – 23,1%, базарларда – 11,5%, сауда нысандарында – 15,2%, қоғамдық көлікте – 11,5% және от­басылық іс-шараларда – 11,5%, сырт­тан келген жағдайлар тіркел­меген», дейді Алматы облысы са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.

Облыста Талғар және Қаратал аудандарында «Дельта» штамын жұқ­тырудың 2 жағдайы анықталған. Аты жаман індетке шалдығушылар – екпе алмаған тұрғындар екен.

Аймаққа жалпы саны 408 475 доза вакцина келіп түскен. Оның ішінде 39 500-ы – Hayat-Vax, 332 975-і – Спутник V, 8 мыңы – QazVac және 28 мыңы – CoronaVac. Екінші компонент бойынша 253 350 доза вакцина бар. Оның ішінде 39 500-і – Hayat-Vax, 177 850-і – Спутник V, 8 мыңы – QazVac және 28 мыңы – CoronaVac. Вакциналардың бірін­ші компонентін барлығы 346 922 адам, ал екіншісін 208 094 салдырды.

Спикер ДДҰ деректері бойынша Қазақстанда қолданылатын вакциналар коронавирус инфекциясының үнді, британдық, Оңтүстік Африка және бразилиялық штамдарына қатысты тиімді екенін атап өтті.

Аshyq жобасын енгізу бастал­ғаннан бері мониторингтік топтармен бағ­дарламаны пайдалана отырып, қыз­метін жүзеге асыратын 589 объект қам­тылды. QR-кодты сканерлеу ке­зінде облыс бойынша «қызыл» және «сары» статусы бар 110 келуші анық­талды, оның ішінде «қызыл» статус 41 келушіде, «сары» статус 69 келушіде болған. Айта кетейік, үй карантинін бұзғаны үшін «қызыл» статусы бар тұлғалар ӘҚБтК-нің 802-бабы бойынша жауапқа тартылады.