• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 02 Шілде, 2021

Елорда сауығар емес

165 рет
көрсетілді

Бас қалада карантиннің күшейтілуіне қарамастан коронавирус жұқтырғандардың қатары күрт өсті. Маусымның соңғы тәулігінде сырқаттанушылардың саны 800-ден асты. Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты карантин үшінші мәрте күшейтілген жайы бар.

Елордада тұрғындар арасында коро­навирус инфекциясының өсуін мамандар ең агрессивті және тез таралатын үнді штамымен байланыс­тырып отыр. «Сарапшылар қазіргі уақытта коронавирус әлемде белсенді түрде мутацияға ұшырап жатқанын айтады. Мысалы, «дельта» штамы бұған дейінгілерге қарағанда 60%-ға жұқпалы болып келеді, балалар арасында да «дельта» штамын жұқтыру жиілеп барады», деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігерлердің айтуынша, инфек­ция­ны әлі вакцина алмаған адамдар жұқтыруға бейім келеді, сондықтан ковидпен күресудің жалғыз жолы – жаппай егілу.

Нұр-Сұлтанда вакцина алғандардың саны өткен апталармен салыстырғанда бес еседей өсіп, тәулігіне 7 мыңнан асып отыр. Ресми мәлімет бойынша бүгінге дейін барлығы 229 мыңнан астам адам екпенің алғашқы компо­нентін алған. Дегенмен бұл – әлі де аз. Сондықтан қалалық әкімдік және мекемелер, ұйымдар жұртшылықты вакциналауға ынталандыру үшін көптеген шара мен акция өткізіп жатыр. Атап айтқанда, вакцина алған елордалықтардың арасында жиырма iPhone12 ойнатылады. Аптасына екі рет жүргізілетін ұтыс ойынына медициналық мекемелерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында вакцина алғандар қатыса алады.

Бас қала әкімдігі сайтындағы мә­ліметке сүйенсек, жеңімпаз Birge платформасындағы кездейсоқ қызмет арқылы анықталады. Вакциналан­ғандар бойынша ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерімен бірігеді. Сервисте екпе алған адам­ның id-нөмірі ғана көрінетін болады. Жеңімпазды сервис кездейсоқ анықтайды. Ол Facebook пен Instagram арқылы тікелей эфирде өткізіледі.

«IPhone12 алғашқы ұтыс ойыны 8 шілде күні өтеді. Алғашқы ұтыс ойынына 6 шілдеге дейін екпе ал­ғандардың бәрі қатыса алады. Нұр-Сұлтан қаласында 7 шілде күні вак­циналанғандардың базасы дайындалады. Сонымен қатар 31 та­мызға дейін егілген азаматтар арасында екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны өткізіледі. Сол сияқты бұған дейін «MEGA Silk Way» СОО өзінің егу пунктінде вак­цинаның бірінші ком­понентін ал­ғандар арасында автомобиль ойнатылатынын жариялады. Ал «Азия Парк», «Сарыарқа», «Абу-Даби Плаза», «Керуен», «Еуразия» СОО-ларында және басқа да сауда үй­лерінде компьютерлік, тұрмыстық тех­ника, жеңілдік купондары түріндегі түрлі сыйлықтар ойнатылып жатыр», де­лінген сайтта жарияланған материалда.

Әкімдік вакциналанғандарды ынталандыру мақсатында осындай акциялар өткізіп жатқанда қалада карантиндік шаралар үшінші мәрте күшейді. Ресми мәлімет бойынша енді 4 шілдеден бас­тап Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін тамақтану орындарының (мейрамханалар, дәмханалар) уақыты 02:00-ден 22:00-ге дейін (жабық жерлерде), ал сыртта, яғни есік алдында жұмыс істейтін тамақтану орындарының уақы­ты 02:00-ден 00:00-ге дейін қыс­қарады. Жексенбі күндері қоғамдық көлік­тің жұмысы тоқтатылады. Бұл күні автобустарға зарарсыздандыру жұ­мыс­тары жүргізіледі. Ashyq жобасын қолданбайтын фитнес-орталықтардың (йога орталықтары, т.б.) жұмысы тоқтайды. Ал Ashyq жобасы бойын­ша істейтін фитнес-орталықтар (йога ор­талықтары, т.б.) дүйсенбі-жұма күндері жұмыс істесе, демалыс күн­дері жұмыс істемейді. «Қалада қатаң каран­тиндік шараларды енгізбес үшін ұжымдық иммунитетті дамыту қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуға тиіс. Медицина қыз­меткерлерінің 90%-дан астамы, ал коммуналдық қызметкерлердің 70%-дан астамы коронавирусқа қарсы егілді», дейді елорда әкімдігінің ресми сайты.