• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Шілде, 2021

Ғалым туралы ғақлия

994 рет
көрсетілді

Осы мақаланы жазар алдында белгілі ғалым Нұргелді Уәлидің «Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған, әдеби тіл нормасына төселген адамның сөйлеген сөзі де, жазғаны да кедір-бұдырсыз болып, жатық шығып жатады.

Тіл амалдарын дұрыс қолданып, әдеби тіл нормасын сақтап, одан жөнсіз ауытқымауды сөз жатықтығы деп түсінуге болады» дегенін тағы бір қайталап оқып шықтым. Сөз етейін деп отырғаным да филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Мақажанұлы болмақ.

Нұргелді Уәли – ғұмырын түгелдей ғылымға арнаған жан. 1968 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген жас ғалым ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының аспирантура бөліміне оқуға түсіп, содан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындаеңбек етіп келеді. Көптеген еңбектердің авторы атанған Нұргелді Мақажанұлы өз зерттеулерінде қазақ сөз мәдениетін нормативтік, коммуникативтік, прагматикалық және когнитивтік лингвомәдени, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырып, оның теориялық пән ретіндегі концептуалдық негіздерін айқындады. Негізгі еңбектері – «Сөз мәдениеті» (1984), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988), «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері» (1993), «Қазақтың бата-тілектері» (1993,2007), «Фразеология және тілдік норма» (1997), «Емлесі қиын сөздер» (2001, бірлескен авторлар), т.б.

Ғалымның кісілік келбетінің кемелденген кезеңі дәл осы Институт қабырғасынан басталған десек артық айтқанымыз емес. Себебі Нұргелді Мақажанұлы Ісмет Кеңесбаев, Телғожа Жанұзақов, Рабиға Сыздықова, Құлмат Өмірәлиев, Ербол Жанпейісов және т.б ұстаздардың алдын көрген, солардан тәлім алған. «Ғылым» деп аталатын теңізде қайығы желге өрлесе, бәрі ұстаздарымның арқасы деп отырады. Адами тұлғасының дұрыс қалыптасуында аталған ғалымдардың үлесі зор деп біледі. Ұстаздарын ұлықтаудан жалықпайтын ол өзі де ондаған шәкірт тәрбиеледі. Солардың ішінде Құралай Күдеринова, Жанат Исаева, Назира Әміржанова сынды тәлімгерлері ғалымның ғылымдағы сара жолын жалғап келеді. Шәкірттерінің арасындағы шоқтығы биігі, фиология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова туралы «Бұрын мен Құралайға жетекшілік етуші едім, қазір Құралай мені жетектеп кетеді», деп күледі. Бұдан ғалымның соншалықты қарапайым адам екенін байқауға болады.

Н.Уәли бірге жұмыс істеген, әлі де істеп келе жатқан әріптестерінің және ғылыми қауымдастық арасында зор беделге ие. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова «Нұргелді Уәлидің «әлемнің қазақы бейнесі» жөніндегі таным-түсінігі оның ойлау бейнесімен астасып кеткен. Жалпы әлем бейнесі полотносындағы қазақы әлем бейнесі туралы ғалым түсінігінің соншалықты бай, колоритті болуы сөзді, сөзбен байланысты сөздік мақалаларды, мәтіндерді қабылдау мен оларды түзе білу қабілетінің жоғары деңгейде қалыптасуына ықпал еткен. Бұл, біріншіден, ғұмырлық ізденістің өз нәтижесін беруі, екіншіден, аялық емес, негізгі білімін өзі айтатын «тілдің қолданыстағы көрінісіне» айналдыра алуында жатыр. Ғалым ретінде оның бағасын арттырып тұрған қадамдарының бірі. Сондықтан Н.Уәли есімі «сөз мәдениеті» термині айтылған жерде міндетті түрде жарқын-жарқын естіледі. Ал ғалымның осы терминнің мән-мағынасын түсіндіруі, ашып жеткізуі –қарапайым да анық. Ол: «Сөз мәдениеті» дегенді «сөйлеу», яғни «тілді жұмсау» (пайдалану) тәртібі (дұрыстығы, мәдениеті) деп таниды» десе,ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева «Филология ғылымдарының докторы, профессор  Нұргелді Уәли – қазақ тіл ғылымының өрістеп, өркендеуіне айырықша еңбек сіңірген,  қазақ тілін арындай ардақтап өткен кешегі ұлы ұстаздар мен кейінгі буын арасына көпір болған, тағылымы терең, танымы мол,  көрнекті ғалым, білікті ұстаз,  білгір жетекші, тәжірибелі тәлімгер,  парасатты педагог», деп баға береді.

Н.Уәлидің отбасындағы орны туралы қызы Айнұрдан сұрадық. «Мен әке махаббатына, сүйіспеншілігіне бөленіп өстім. Өмірге дұрыс көзқараспен қарау, эстетикалық талғам, білімге деген құштарлық сынды жақсы қасиеттердің бәрін әкем санамызға сіңірді.

Әкемнің ерекше бір қасиеті, өзінің мамандығына, ғылымға деген махаббатының көрінісі – әлі күнге дейін тапсырыспен кітап алып оқитыны. Өз ісіне берілген адам, көп оқиды, үнемі ізденісте жүреді. Әйгілі академик Ісмет Кеңесбаевтың шәкірті болып жүрген кездегі картотекасы бөлменің бір қабырғасын толық алып тұратын. Өте тиянақты адам. Өз жетекшісі, қазақың белгілі , ғұлама, біртуар,  ғалым қызы, марқұм  Рабиға апай Сыздықова әкемнің ғалым болып қалыптасуы жолында үлкен роль атқарды. Жаны жанатта болсын. Ғылымда ұстаздық еткен Құлмат Өмірәлиев, Ербол Жанпейісов, Өмірзақ Айтбаев, Мәулен Балақаев, Әбдуәлі Қайдаров және Мекемтас Мырзахметов ағайларды әкем еш ұмытпақ емес.

Тағы бір қасиетін айтпай кетуге болмас, әкем адам баласына тіл тигізбейді, қандай жағдай болмасын, ол адам жайында жаман айтпайды, бұл да бір мықтылық, даналық, иманның беріктігі деп білемін. Өмірлік философиясы, ұғымы, бізге берген тәрбиесінің бәрі ислам дінінің шеңберінде екенін айта кету ләзім. Өмір бойы мейірімді, кешірімді болып, шүкір ету, тәубе қылумен өмір сүріп келеді», деп ағынан жарылды Айнұр Уәлиқызы.

Сөз соңында айта кетелік, 1 шілдеде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Нұргелді Уәлидің 75 жылдық мерейтойына орай, «Ұлттық рухтың тілдегі тіні» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиында филолог ғалымдар баяндама жасап, пікір алмасты. Ал қонақ ретінде қатысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Нұргелді Мақажанұлын бүгінгінің би-шешеніне, абыз ақсақалына теңеді. «Қазақта ақсақал қалды ма» деп күмәнданып жүргендерге бұл бір жақсы жауап болғаны сөзсіз.

Айтпақшы дөңгелек үстелде Нұргелді Уәлидіңжақында жарық көрген бірнеше кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Енді «Биобиблиография», «Жазу мәдениеті: тағылым, тәжірибе», «Қазақ графикасы мен орфоргафиясының теориялық негіздері», «Фразеология мен тілдік норма», «Қазақтың дәстүрлі сөзсаптамы», «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері атты баға жетпес жауһарлар қалың оқырманға жол тартады.

 

Мадияр Қазыбек

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

Қоғаммен байланыс жөніндегі маманы

.