Әзірбайжан астанасы Бакуде футболдан Еуропа чемпионатының кезекті ширек финал кездесуі өтті. Чехия мен Дания арасында өткен матч жеңісімен дат құрамасының жеңісімен аяқталды.
Тарысты басталған кездесуде жанкүйерлер голды көп күткен жоқ. Матчтың 5 минутында Ларсеннен пас алған дат жартылай қорғаушысы Томас Дилейни есеп ашты. Бұдан соң да айтарлықтай болмаса да Дания құрамасының ойындағы басымдығы байқалып тұрды. Каспер Хьюлманд шәкірттері есепті еселеуге тырысты және ол мақсатына 42 минутта жетті. Ұрымтал сәтте қажет жерден табылған шабуылшы Каспер Дольберг құрамасының басымдығын арттыра түсті. Қос құрама үзіліске 0:2 есебімен аттанды.
Екінші тайм бастала салысымен Чехия құрамасы белсенді шабуылдауға көшті. Нәтижесінде 49 минутта Патрик Шик есеп айырмасын қысқартты. Бұл Шиктің осы чемпионаттағы бесінші голы. Осылайша, чех шабуылшысы голдар саны бойынша Криштиану Роналдумен теңесті. Сондай-ақ 2004 жылғы Еуропа чемпионатында 5 гол соққан отандасы сұрмерген Милан Бароштың да рекордын қайталады.
59 минутта дат құрамасы сапында Дольбергтің орнына Поульсен, Нербордың орнына Дамсгор шықты. Алайда жаңа ойыншылардың ешбірі Данияның үшінші голын соға алған жоқ. Есесіне Каспер Шмейхель де матч соңына дейін сыр бермеді. Чехия құрамасы белсене ұйымдастырған бірнеше шабуылын соңына дейін жеткізе алмады. Ал кей сәтте дат шабуылын тойтаруға біраз уақыт жұмсауға мәжбүр болды. Допқа иелік ету және пастың дәл берілуі тұрғысынан Чехия құрамасы қарсыластарынан сәл басым тұрды. Дегенмен бұл аздаған басымдылық олардың есепте алға шығуына мүмкіндік берген жоқ. Не болмаса чехтар бұл аз-маз мүмкіндікті өз кәдесіне жарата алмады деген дұрысырақ болатын шығар.
Дания құрамасы жартылай финалда Украина – Англия жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бірінші жартылай финал матчында Испания мен Италия кездеседі. Испандар пенальти сериясы арқылы Швейцария құрамасынан басым түссе, Италия құрамасы Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді.