Орал қаласында күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының туғанына 160 жыл толуына орай республикалық «Күй құдыреті» домбырашылар байқауы қорытындыланды. Еліміздің әр өңірінен келген 17 өнерпаз екі күн бойы күй құдіретін көрсетіп, сахнада сайысты, деп жазады Egemen.kz.
Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні аталып, шын мәнінде халықтық мерекеге айналды. Талай саңлақ күйші өмірге келген Батыс Қазақстан облысында ұлттық аспабымызды ұлықтаған түрлі шаралар өтуде. Белгілі күйші Сейтек Оразалыұлының биылғы мерейтойы да дәл осы күнге орайластырылған екен.
«Бұл байқаудың мақсаты – Сейтек Оразалыұлының есімін ұлықтап, төкпе күй мұраларын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың орындаушылық бағдарламасына Сейтектің күйлерін енгізу, республикамыздағы домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау, өнер әлемінде жас домбырашылардың есімін ашу» дейді байқауды ұйымдастырушы, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Мәулет Жұбатов.
Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстарынан және Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласынан 18-45 жас аралығындағы 17 күйші қатысты.
Өнер байқауына республикаға танымал мәдениет қайраткерлері, кәсіби күйшілер қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония артисі, күйші Ермек Қазиев болса, алқа құрамында Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуелсіздік сарайының» директоры Қуанышбек Мұханғалиев, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония артисі Құттыгерей Дүйсеев, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, күйші Нұржан Сертеков, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің оқытушысы, күйші Ербол Ғұбайдуллиндер бар.
Екі күнге созылған байқау барысында домбырашылар байқау шартына сай өнер көрсетті. Бап пен бақ жарысқан, шын мәнінде өнер озған, күй өнерінің туы көкте желбіреген сайыс болды.
«Елорда күні қарсаңында, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, күйшілік дәстүр мектептері қалыптасқан, күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина бастаған дүлдүл күйшілер мекен еткен Бөкей Ордасының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі Сейтек Оразалыұлы бабамыздың 160 жылдығына арналған «Күй құдыреті» республикалық домбырашылар байқауы Ақжайық өңірін рухани серпілтті. Жылдың соңына дейін күй мерекесі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы аясындағы шаралармен жалғасады. Ендеше, еліміздің егемен күнінде көкейге қонған қуаныш мерекесі — Ұлттық домбыра күні жасай берсін!» деп құттықтады Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Сонымен, қазылар алқасы Сейтек байқауының бас жүлдесіне Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданынан келген өнерпаз Азамат Қалиевті лайық деп тапты. Оған 500 мың теңге бәйге берілді.
Байқаудың бірінші орын жүлдесін атыраулық Қайрат Жұмағалиев, екі екінші орынды – алматылық Әйгерім Неталиева мен талдықорғандық Бота Дүнгенбаева иеленді.
Үш үшінші орын Қызылорда қаласынан келген Бауыржан Сейдәліге, оралдық Әлібек Қуанышалиевке, алматылық Темірхан Бейбітке бұйырды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына бағалы сыйлықтар, марапаттар табыс етілді.
«Бүгінгі қасиетті мереке – Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл күн – ұлттық құндылықтарымызды ардақтап, терең тамырымызға ой жүгіртетін шуақ пен шаттыққа бөленген мереке. Өйткені қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі, бабалардың үні, Ұлы даланың сазы! Қара домбыраның қоңыр үні санамызда сақталған, ұлттық кодымызда таңбаланған. Сондықтан тарихымыздың асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!» деп тарасты күй сайысына қатысушылар.
Батыс Қазақстан