• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 05 Шілде, 2021

Батыс Қазақстанда бір күнде 5 адам суға кетті

560 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 4 шілде күні 5 адам суға кетті. Оның үшеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті дабыл қағуда: соңғы күндері өңірде күн райы қатты ыстық болып, халықтың көпшілігі су жағалап кетті. Өкінішке қарай, адамдардың қауіпсіздік шараларын ескермеуінен орны толмас оқиға да көбейіп тұр. Биылғы шуға шомылу маусымы басталғалы өңірде 18 адам суға кетіпті. Оның 8-і – кәмелетке толмаған бала.

«Оқыс оқиғалардың көбі рұқсат етілмеген жерге суға шомылу себебінен болып жатыр. Құтқарушылары жоқ, су асты толық зерттелмеген өзен-көлдерге шомылу соңы осындай қайғылы қазаға соқтырып тұр. Сондықтан рұқсат етілген жерлерде және арнайы жағажайларда ғана шомылыңыздар! Суға шомылуға рұқсат етілмеген белгілері бар жерде суға түспеңіздер! Ескертулері бар белгілерден асып жүзбеңіздер! Күн көзіне қатты қыздырынып, бірден суға секірмеңіз! Мас күйінде шомылуға, қопаға қарай жүзуге болмайды» дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Нұралы Мусиев.

4 маусым күні болған екі оқиғадан 5 адам қаза тапқан. Оның бірі Орал қаласы аумағында, Орда көшесінің Жайық өзеніне тірелген маңында болған. Өзенде шомылып жүрген қыз бала кенеттен су астындағы қазан шұңқырға тап болып, батып кеткен. Оны құтқарам деп ұмтылған әкесі де қаза тауыпты.

Ал екінші оқиға Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында болған. Бұл елдімекен де Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Қайғылы жағдайдың дәл қалай болғаны белгісіз, суға кеткен анасы мен екі баласы өзен жағасынан табылған.

«Суға тек жүзу білмейтіндер, жас балалар батып кетеді деуге болмайды. Биыл 27 мамыр күні Теректі ауданындағы «Улыкөлде» жас жігіт суға кетті. Ол әскери борышын теңіз флотында өтеген, теңіз жаяу әскері сарбазы болатын. Сондықтан «от пен су – тілсіз жау» деген қазақ нақылын ескеріп, аса сақ болу керек» дейді облыстық департамент бастығының орынбасары подполковник Арман Тоқанов.