– дейді қазақтың аяулы қызы, кешегі атақты механизатор, бүгінгі ардақты ана, асыл әже Кәмшат Дөненбаева
Замандастарын қайран қалдырған қазақ қыздарының бірі – атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева. Кеңес Одағы кезінде ер мен әйелдің теңдігін еңбекте көрсету саясаты болды. Әйелдердің білім алуына, ғылымда жетістіктерге жеткеніне, өнер саласында жұлдыздай биікке көтерілгеніне сол қоғамның жасаған мүмкіндіктерін мойындамасқа тағы лаж жоқ. Иә, еңбек адамы дәріптелді. Кәмшат Байғазықызы да атақ пен даңқтан кенде болған жоқ. Коммунистік партияның ХХV, ХХVІ, ХХVІІ съездерінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІХ, Х, ХІ шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Бірақ Кәмшат апамыз атақ пен даңққа тоқмейілсіп, саясаттың жетегінде кеткен жоқ. Қазақтың қызына тән ибалығы мен қарапайымдылығынан танған емес. Оның мықтылығы да, тектілігі де осында деп білеміз.
Қазір Кәмшат Дөненбаева Қостанай қаласында, балалары мен немерелерінің ортасында тұрып жатыр. Салтанатты жиындарда, басқосуларда ақылына көркі сай Кәмшаттың орны бөлек, орыс-қазақтың ортасын жарып отырады. Кәмшат апа жетпіс жасқа толды. Тек қазақ даласы ғана емес, барша жұртқа аты мәлім оның еңбек жолы көпке белгілі деп ойлаймыз. Біз қазақтың текті қызының өмірдегі, отбасындағы адами қалпына көз жеткізуді мұрат тұтқан едік, кездескенде әңгіме де сол бағытта өрби берді.
– дейді қазақтың аяулы қызы, кешегі атақты механизатор, бүгінгі ардақты ана, асыл әже Кәмшат Дөненбаева
Замандастарын қайран қалдырған қазақ қыздарының бірі – атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева. Кеңес Одағы кезінде ер мен әйелдің теңдігін еңбекте көрсету саясаты болды. Әйелдердің білім алуына, ғылымда жетістіктерге жеткеніне, өнер саласында жұлдыздай биікке көтерілгеніне сол қоғамның жасаған мүмкіндіктерін мойындамасқа тағы лаж жоқ. Иә, еңбек адамы дәріптелді. Кәмшат Байғазықызы да атақ пен даңқтан кенде болған жоқ. Коммунистік партияның ХХV, ХХVІ, ХХVІІ съездерінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІХ, Х, ХІ шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Бірақ Кәмшат апамыз атақ пен даңққа тоқмейілсіп, саясаттың жетегінде кеткен жоқ. Қазақтың қызына тән ибалығы мен қарапайымдылығынан танған емес. Оның мықтылығы да, тектілігі де осында деп білеміз.
Қазір Кәмшат Дөненбаева Қостанай қаласында, балалары мен немерелерінің ортасында тұрып жатыр. Салтанатты жиындарда, басқосуларда ақылына көркі сай Кәмшаттың орны бөлек, орыс-қазақтың ортасын жарып отырады. Кәмшат апа жетпіс жасқа толды. Тек қазақ даласы ғана емес, барша жұртқа аты мәлім оның еңбек жолы көпке белгілі деп ойлаймыз. Біз қазақтың текті қызының өмірдегі, отбасындағы адами қалпына көз жеткізуді мұрат тұтқан едік, кездескенде әңгіме де сол бағытта өрби берді.
– Сені Жазира деп атағаныма «Кәмшат апа менің аты-жөнімді шатастырып жүрген жоқ па?» деп ойлап қалған жоқсың ба? – деп Кәмшат апа әдемі жымиды. – Менің енем сенімен аттас еді, сондықтан сол кісінің аты кетпесін деп, өзіңді Жазира деп атадым.
– Сіздің енеңіз ұзақ жасады білем, ол кісіні өзіңіздің бағып-күткеніңізден де хабардармыз.
– Менің екі енем болды. Екеуі де ұзақ жасады, қолымда болды. Кіші енем – жұбайым Темірбектің туған анасы, 95 жасқа келіп қайтты. Ол кісімен қырық жыл бірге тұрдым, туған анамдай болып кетті. Ал сенімен аттас – үлкен енем. Ол кісі 83 жасында, бұрынырақ қайтты. Мен он жеті жасымда сол екі кемпір, бір шалдың қолына келін болып түстім. Қазақ әйелдерінде түрлі ғажап тағдырлар кездеседі ғой. Соның бірі менің енелерім еді. Сенімен аттас енем келін болып түсіп, бір бала тапқан соң, атамыз аурудан қайтыс болыпты. Ол кезде жесірді жібермеген ғой, әрі екі жаққа өткен малды қозғағысы келмеген әулеттің ақсақалдары жас келінді әмеңгерлік жолымен бес жасар ең кіші қайнысына атастырады. Енем әмеңгерінің ержеткенін күтеді. Өзі оны бағып-қағады. Бала кезінде ойыннан шаршап, ес-түсін білмей қатты ұйықтайтын әмеңгерін өзі көтеріп апарып, төсегіне салып, үстін қымтап жауып, суық тиіп, ауырып қалмауын қадағалап жүреді екен. «Аталарың бала кезінде тентек болды, қазанда қайнап жатқан құртқа түсіп кетіп, күйіп те қалды», деп күлдіріп отыратын жарықтық. Қайнысы ержеткен соң үлкендер екеуінің некесін қиыпты. Ол кісіден көрген балалары шетінеп кетеді. Одан соғыс басталып, өмір бұрынғыдан да ауырлайды. Енемнің алғашқы күйеуінен тапқан ұлы соғысқа кетіп, бара оққа ұшады. Осылай жүргенде үлкен енемнің жасы да өтіп бара жатады. Ол енді өзінен бұрын атамыздан ұрпақ қалуын ойлайды. Соғыста күйеуінен «қара қағаз» келіп, жесір отырған кіші енемді (Кәмшат апаның кіші енесінің есімі Макура – Н.Ж.) өзінің шалына қосады. Ол кезде менің жұбайым Темірбек он жасар бала екен, анасының соңына еріп келеді. Кіші енем атама қосылған соң он бала көтеріпті, бірақ шетіней берген, жалғыз қайнымды зорға ұстап қалыпты. Қазақ әйелдерінің төзімділігі мен даналығын осы екі енемнен көріп, түйсіндім. Менің енелерімнің татулығы ғажап еді ғой. Темірбекті енемнің жаңа жұрты өгейсімей, өз ұлдарындай қабылдапты. Қайным ержетіп, үйленген кезде Темірбек екеумізге енші беріп, бөлек шығарды, сонда сенімен аттас енем бізбен шығып, кіші ұлды өзінің анасымен қалдырды. Үлкен енем барлығымызға бас-көз болды, шешімді сөзді сол кісі айтар еді, жарықтық. Өзінің бар өмірін өткізген ауылы Ақсуатқа арулап қойдық. Ол кісілер белгілі ағартушы ұстаз, жазушы Спандияр атамызбен іргесі бөлінбей бір ауылда тұрған екен. Жұбайым Темірбек Спандияр атадан оқыған ғой. Қайным бақытсыз жағдайға тап болып, өмірден ерте озғаннан кейін, Темірбектің анасын, яғни кіші енемді өзіміз қолымызға алдық.
– Енелеріңіз сізге қалай қарады?
– Мені олар қызындай көрді. Сенімен аттас енем аппақ етіп қарқара жаулық тартып отыратын. Бәріміз сол кісінің қас-қабағына қарайтынбыз, ол кісінің алдын ауылда ешкім кесіп өтпейтін. Өте ақылды, данагөй кісі еді. Екі енем, атам – үшеуі де бақилыққа кеткенше мені «Кәмшатжан, жұбайымды Темірбекжан» деп атап кетті. Ақсуатқа келін болып түскенімде Темірбектің ата-анасы екі бөлмелі, қыртыстан салынған қоржын үйде тұрады екен. Мені қараша айында әкелді. Төргі бөлмеде атам, екі кемпір, кіші ұл жатады. Біз Темірбек екеуміздің кереуетіміз ауызғы бөлмеде, пештің жанында тұрды. Сол бөлмеде ас дайындалады, біздің төсегіміздің жанында қарағайдан қағып қойған үстел бар, соның ар жағында қоршау жасап, бір бұзау мен қозы-лақты қамап қойған. Тазалық сақтаған болып, бұзау қимылдаса «тосып» шығамыз. Үйдің едені жоқ, оны сары балшыққа сиырдың жапасын қосып сылап тастаймыз. Егер оның құрамының мөлшері дұрыс болмаса жарылып кетеді. Сонда үйдегі ынтымақты қарасайшы, ешкім қабағын түймейді, барымен базарлатып отырады. Қос енем берекенің көрігі сияқты еді. Кіші енемнің қолы шебер-тін. Ол кезде біздің үйде тігін машинасы болмайтын. Маған көйлекті, балағының аузына резеңке өткізіп шалбарды қолмен жөрмеп тігіп береді. Көйлекті тобығымнан келтіріп, ұзын етіп тігеді. Менде үлкенге қарап қарсы сөйлеу деген болмайтын, апама ештеңе айта алмаймын. Сүйретілген көйлекті кигім келмейді. Баяғы заман емес, өткен ғасырдың 60-шы жылдары ғой, жинақы киінетін орыс арасында жүреміз, маған мына көйлекті кию, тіпті, ыңғайсыз. Әйелдер тізесінен келтіріп, қысқа көйлек кие бастаған, жаспыз ғой, шұбатылған ұзын көйлек кигеніме алдымен Темірбектің өзінен ұялып жүремін. Бірде ата-енелеріме шәй құйып беріп отырғанда, шәйдің сүті таусылып қалды. Шошалада тұрған сүттен құйып әкелейін деп шығып кеттім. Ол заманда тоңазытқыш қайда, сары майды қорытып, шелектерге құйып қоятынбыз. Ыдысыма сүт құйып алып, тұра бергенімде әлгі сүйретілген көйлектің етегі сол жерде тұрған екі шелек сары майдың бірінің баулығына ілініп, майдың жартысы төгілді. Қып-қызыл көйлектің етегі малмандай май болды. Дереу көйлекті ауыстырып кидім де, төгілген майды топырағымен қырып алдым. Енем түк білмегендей, үндеген жоқ, содан кейін ұзын көйлек ки деп те айтпады. Ол кісі қолыма келген соң, бұрынғы күндерімізді есімізге алып, әңгімелесеміз ғой. «Апа, сонда майды төгіп алғанымды білмедіңіз бе?» деймін. «Қайдағы, сол шәйдің үстінде-ақ біліп, күлгенбіз», дейтін жарықтық. Апамның тігіп берген сол киімдері әлі күнге дейін менде сақтаулы тұр, енемнің көзіндей көремін.
Екі енем анамның жоқтығын білдірмеп еді. 1993 жылы жұбайым Темірбек 56 жасында қатерлі ісіктен қайтты. Мен 50 жасымда жесір қалдым. Біз Темірбекпен өте бақытты, тату ғұмыр кешкен едік, оны жоғалту маған өте ауыр тиді, көп жыладым. Сонда кіші енем: «Кәмшат, Алланың ісіне амал жоқ, жылай берме! Балалардың амандығын тіле, сабыр қыл!» деді. Сонда өзінің өзегінен шыққан ұлы қайтып отырғанда қарт енем сондай басу айтып, мені қайрады, жігерлендірді. Қазір ойлап отырсам, өмірдің ыстық-суығы енемнің екеуін де балталасаң өтпейтін емендей қатайтып жіберген екен ғой.
– Сіз 1975 жылы Коммунистік партияның ХХV съезінде Мәскеудегі Съездер сарайының мінберінен сөйлеген сөзіңізді: «Я дочь простого крестъянина» деп бастаған едіңіз. Кімнің қызы едіңіз?
– Иә, мен сөзімді осылай бастаған едім. Онда уақыттың сипаты басқа еді ғой. Саясаттан тыс тұра алмадық. Әйтпесе, мен шаруаның емес, прокурордың қызымын. Менің аталарым кедей екен, 20-30-жылдары нағыз «батрактар» болған. Әкем Байғазы кедейдің баласы болған соң, партияның қолпашын көріп, орыстың балаларымен бірге Мәскеуден білім алған, жәдитше, латын қарпімен және орысша кириллицамен бірдей жазатын сауатты кісі болған. Ажалсызды қойсайшы, соғыста әкемнің мойнын оқ тесіп кеткен екен. Мойнының екі жағында тыртығы болушы еді. Сонда госпитальда өзін күткен медбикеге риза болыпты. Майданды жалғастыра алмай елге қайтқан соң, мен туыппын. Сол медбикенің құрметіне мені әкем Тамара деп атапты, ержеткенше Тома атанып жүрдім, бірақ атам марқұм құжатқа Кәмшат деп жаздырған екен. Ол кезде «қазақтар мал баққан, Кеңес Одағының арқасында теңелдік» деген түсінікті санаға құйып қойды ғой. Оның шындығы да бар, артық кеткен тұсы да жоқ емес. Қазір Тәуелсіздіктің арқасында барлығы да орнына келді, қазақтың балалары дүниенің қай бұрышына барып оқимын десе де қолы жетіп жатыр ғой, соған қуанамын.
Анам Зүбәйза аурулы болды. Бір ұл, бір қыз көтерген екен. Мэлс деген ағам үйленіп, балалы болған соң, небәрі 27 жасында қайтыс болды. Анамның немен ауырғанын қазірге дейін білмеймін, мен тұрмысқа шыққан соң жылға жетпей ол да өмірден озды. Сонда 44 жаста ғана екен. Әкем 70 жасында қолымда қайтты.
– Сіз тұрмысқа ерте шықтым дедіңіз. Темірбек ағамен бақытты ғұмыр кештіңіз. Қалай кездестіңіздер?
– Иә, Темірбек екеуміз өте бақытты едік, сыйласып өттік. 1960 жылы ол әскер қатарынан келген соң, ата-анасы – әлгі екі кемпір, бір шал атамыздың немере қарындасы Майташқа «баламызды үйлендіргіміз келеді, осыған бір жақсы қыз болса» деген құлаққағыс айтады. Сол мақсатпен атам екі інісін, Темірбекті ертіп Ақсуаттан Ұзынкөлге – Майташ апаның үйіне қонақ болып, әрі қыз көрейін деп келеді ғой. Майташ апа әп дегеннен мені сілтепті. Алдымен анама келіп: «Немере інім әскерден келіп еді, қыз көріп жүр, жұрты жақсы, өзі қадірлі бала. Осы Кәмшатты соған лайық көріп жүрмін, бересіз бе?» деп сұрапты. Сонда анам: «Майташ, сен де бала өсіріп отырған анасың ғой, менің қызымды жаман жерге итермессің, баланы көрейін, егер ұнаса қызымды берейін. Өзімнің көзім тірісінде осы қыздың орналасқанын көрсем деймін, аға мен жеңгенің қолына қараған баланың жағдайы белгілі ғой өзіңе», депті. Анамның бұл байламына әжем де қарсы болмапты. Қыздың орны қияда екенін түсінсе, түйсінсе керек. Мені осылай үлкен кісілер келісіп, алып берді ғой. Бірақ өзім іздесем де ондай азаматты таппас едім. Өте қадірлі жігіт болды марқұм. Мен Меңдіғара ауданындағы «Харьков» кеңшарында механизатор, ол агроном болып еңбек еттік. Білмеген жерімді үйретті, көмектесті. Ол кезде, 60-70-80-ші жылдары күнімен, түнімен жұмыс істейміз. Науқан кездерінде күндіз жұмыста боламын да, кешке трактормен келіп сиырымды сауып, кешкі тамақты дайындап, түнде айдың жарығымен қайта жер жыртуға кетемін. Жоспар орындауым керек қой. Сондай кезде Темірбектің ауылдан жаяу-жалпылап, егіс даласына келіп жүрген уақыттары болды. Қанша дегенмен әйел адам болған соң, қорқады ма, техника тұрып қала ма деп уайымдайды ғой. Мен кейінірек съездерге, сессияларға баратын, депутаттық жұмыстармен жол жүретін болдым. Солардың барлығына Темекең бір ауыз бөтен сөз айтқан емес, қайта қолдап, көмектесіп отырды. Өмірдегі тірегім еді. Мен де Еңбек Ері, депутат екенмін деп артық, оғаш мінез танытпаппын, жағасына кір жуытқаным жоқ. Жұмыстан келіп, балаларды тамақтандырып, ұйқыға жатқызған соң, қалғып-шұлғып жүріп, Темекеңнің көйлегін жуып, түймесін қадап отырар едім, аяқ киімін сүртпеген күнім жоқ шығар. Жастық-ай десеңші, соның барлығын көтеріп, жұмыстан бір күн қалмай шауып жүретін едік. Жаман ауруға тап болды да, өмірден ерте кетіп қалды. Қазір екі ұл, екі қызынан тараған немерелері өсіп келеді, шөбересі де бар.
– Майташ апа дегеніңіз Нұрқан Ахметбековпен айтысатын Майташ Ағайдарова әжеміз емес пе?
– Иә,иә, соның дәл өзі!
– 1945 жылы Торғайдың дүлдүл ақыны Нұрқан Ахметбековпен айтысады ғой. Нұрқан ақынның жап-жас келіншекке:
«Еліңнің есігі кең, аймағы көп,
Естідім – үкілі бір тайлағы деп.
Ашық жүз, сұңғақ бойлы, терең ойлы,
Шын жүйрік, Сарыарқаның саңлағы деп», – айтқаны үлкен кісілердің аузында жүрер еді. Майташ әжемізді «үкілі тайлақ» деп еркелеткен ғой елі сол айтыстан кейін.
– Апам Ұзынкөлге келін болып түспестен бұрын, жасөспірім қыз кезінде-ақ Меңдіғара ауданында айтысқа шығып жүреді екен. Өзі домбырада, мандолинада шебер ойнаған. Оның Меңдібек деген ағасы да ақындығымен елге белгілі болған. Осы айтысқа Майташ апам Меңдіғарадан, Нұрқан Ахметбеков Амангелді ауданынан келіп айтысқан ғой. Екеуінің айтысы өте тартымды шыққан. Апамыз да өзіне мақтау айтқан Нұрқан атамызға қарыздар болмай:
«Жүйрік ең жүлде бермес, топтан озған,
Тұлпардай делебесі дуда қозған,
Сізбенен сырласуға сырттан аңсап,
Қалпым бар қарындастық қолын созған», деп жорғалатады. Құдам Қауаз Тәжмақин ағайдың екі мың кітаптық және әр кітабын нөмірлеген бай кітапханасы болушы еді. Ағай қайтыс болған соң, кітапханасын менің Гүлжан деген қызым мен күйеу балам Дәулет алып кетті. Сол кітапхананы жинасқанда Майташ апаның осы айтысы кірген кітапты алып қалған едім, содан оқығаным ғой. Майташ апа ғұмыр бойы ұстаздық етті, тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы белгілі адамдар болып өсті. Бір немересі Ардақ атақты жазушы Оралхан Бөкейдің түтінін түтетті, ұрпағын жалғады.
– Кәмшат апа, трактордың руліне қалай отырдыңыз? Ол кез үшін қазақ әйелінің трактор айдауы үлкен жаңалық екені де рас еді ғой.
– Темірбек ағаңның арқасы ғой. Ол трактор айдайтын. Тәуліктеп жұмыс басында болады. Соған тамақ апарғанда тракторына отырып айдап көрдім, бірте-бірте өзі үйретті. Қызығуым артып, ауылдағы курсты бітіріп алдым. Сонымен, шаруашылық өзіме жеке МТЗ тракторын берді. Алғашқы кезде менің трактор айдағаным жұрттың барлығына, алдымен өзімнің екі енеме ерсі көрінді. «Трәктрі несі, құдай-ау! Үйдің де жұмысы жетпей ме саған?» деп екеуі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жақтыртпады. «Әже, біз қамыс үйде қашанғы тұрамыз? Темірбек екеуміз ағаш үй салғымыз келеді, бәріміз сонда тұратын боламыз, ақша керек емес пе? Үйдің жұмысының барлығына өзім үлгеремін», деп жалындым. Ол кезде біздің айлық жалақымызды кассадан кемпір-шал барып алады. Бір күні менің айлығымды кіші енем алып келді. Бұрынғыдай емес, «Кәмшатжан, шаршамасаң трәктріңді айдай бер, Темірбекжан жаныңда жүреді ғой», деп қалыпты. Механизаторлардың барлығы ер кісілер, ауылдың қылжақпас жігіттері мен түскі тамақта отырғанда трактордың бір тетігін оталмайтын етіп бұрап, не тіркемесін ажыратып кетеді. Мен техниканың тілін әлі дұрыс білмеймін, мыртыңдап жатқаным сол. Кейін барлығын үйреніп алған соң, өздерін жаңылдыратын болдым және түскі асқа тракторымды олардан бөлектеу жерге тастап келетін едім.
Шынында, енелеріме уәде еткендей, барлығына да үлгердім. 33 жыл трактор рөлінде отырдым. Балалардың барлығы сол жылдары өмірге келді. Жеті ай болғанша қарным қампиып, трактордан түспеймін. Ол кезде бір қауырт науқан ғой, көктемде дәнді уақтылы себу керек, күзде жиын-терін, одан сүдігер жыртамыз.
– Кәмшат апа, сіз бірнеше съезге қатыстыңыз, КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш шақырылымына депутаттыққа сайландыңыз. Игі жақсылармен қызметтес болдыңыз. Есіңізде кімдер қалды?
– Коммунистік партияның ХХVІ съезінде тексеру және есеп комиссиясына Қазақстаннан Нұрсұлтан Назарбаев екеуміз мүше болдық. Нұрекең өте ақжарқын адам ғой. Оны ылғи адамдар қоршап жүруші еді, білетіні де көп, әзілі де әдемі кісі. Сонысымен жұрттың барлығын қасына магниттей тартып алатын. Жұмыс арасында әңгімелесе қалсақ, алдымен менің отбасымның амандығын, сосын елді сұрар еді. Сол кезде: «Елге басшылық жасап жүрген азаматтар қалай, ұйықтап жүргендер жоқ па?» деп қоятын. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Президент емес, қатардағы жоғары лауазымды адамдардың бірі ғой. Сонда елдің қамын жеп сөйлегені мені әлі күнге таңдандырады. Қазір парамен ұсталып жататын жоғары қызметтегі жігіттерге ренжимін, соларға не жетпейді, елдің сенгені сол ма?
Олжас Сүлейменовпен депутаттық қызметте жолымыз тоқайласып қалып жүрді. Қазақтың ақын қыздарының бірі Фариза Оңғарсынованың 1976 жылы мен туралы «Біздің Кәмшат» деген деректі повесі шықты. Ол осы кітапты жазу үшін ерте көктемде, сосын қара күзде екі рет келді, үйде 5-6 күннен жатты. Ол кісі көп сөйлемейтін, бақылайтын. Бірақ балаларыммен жақсы сөйлесіп жүретін, тез тіл табысып кетті, үлкен енемнің көзін көрді. Сырласқан күніміз де болды. Тағдырдың салғанын да, халқының ар-намысын да нардай көтеріп жүрген қазақтың біртуарларының қатарындағы дара ғой. Фариза апам мен құйып берген шәйді әңгімесін айта отырып, сораптап ішкенді жақсы көретін еді. Сол күндерді сағынамын кейде.
– КСРО Жоғарғы Кеңесінің бір емес, үш шақырылымында, яғни он бес жыл депутат болдыңыз. Қандай мәселелер қарадыңыздар? Көмегіңіз тиген жандар болды ма?
– Біраз мәселе көтердік. Партияның ХХV съезінде сөйлегенімде ауыл шаруашылығына техникалар келіп жатыр, бірақ олардың құрамасы, яғни тіркемелері – тележка, культиваторы жоқ, солар керек деген мәселе қойдым. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесінің қазақстандық депутаттары ол кезде Аралды толтыру, Қазақстанда шикізат қана шығарылады, ұқсату кәсіпорындарын салу керек деген мәселелерді көтердік. Арал қорына түскен миллиардтаған қаржыға солтүстік өзендерді бұру керектігі сияқты тым оғаш жоспарлар да айтылды. Барлығы да уәде күйінше қалды. Полигон орналасқан өңірдегі ауру-сырқаудың көбейіп, халықтың зардап шегіп, кеміс балалардың көп туып жатқандығы айтылған уақытысында. Тәуелсіздік алып, өз еркіміз өзімізге тигеннен соң полигон жабылды.
Тек депутаттығым ғана емес, өзге де қоғамдық жұмыстар жеткілікті болды. 1974 жылы Әлем балаларын қорғау комитетінің мүшесі болдым. 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Өзім жұмыста жүргенде күн құрғатпай хаттар келеді. Біреуге баспана мәселесін шешу керек, мүгедек жандардың жағдайы бар. Солардың барлығына мүмкіндігінше қол ұшын бергендеймін. Қазір аты-жөнін ұмыттым, аяғы ақсақ бір орыстың баласын Қорғандағы Иллизаров клиникасына емделуге көмек бергенім есімде. Сол жігіттен 25 жыл бойы мерекелерде құттықтау келіп тұратын, соңғы жылдары ғана хабар болмай кетті. Талай балаларды емдеттік. Тіпті, кейде аса өзекті болмаса да жоғын түгендеуге келе беретіндер болушы еді. 1976 жылы маған КСРО Мемлекеттік сыйлығын берді, бірақ мен сол сыйлықты қолыма ұстап көргенім жоқ. Оны сол күйінше Чилидің соғыстан зардап шеккен балалары қорына аударып жібергенмін. Үйдегі қағаздардың арасынан соның түбіртегін де көріп қаламын.
– «Кеңестік саясат әйелдерді жұмысқа жекті, ал олардың орны отбасы, бала тәрбиелеу болатын. Амал не, нәзік жандылардың жанын жадауландырды» деген пікірге қалай қарайсыз?
– Осы пікірге қарсымын. Еңбек еткеннен адам жаман болмайды. Мен 1974 жылы 38 мың гектардан аса жер жыртқан екенмін, жылдық міндеттеме деген болатын, соны асыра орындаған түрім ғой. Жұмыстан шаршап келгенде үйдегі бала-шағаның қамы күтіп тұрады, көбіне ұйқым қанбай жүретін. Бірақ жастық бәрін де көтереді. Енді, міне, қартайғанда қол бос, бірақ ұйқымыз келмейді.
Менің жас кезімде ауыл шаруашылығында механизаторлар жетіспейтін, жалпы жұмысшы мамандар мәселесі бүгін де өткір тұр. Қазір жас қыздар әкесінің алып берген жеңіл қымбат машинасын шыр көбелек айналдырып мініп жүреді. Олар неге ауыл шаруашылығы машиналарына отырмайды? Еңбекті дәріптеу керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы дер кезінде жазылған дүние, соны насихаттау керек деп отырамын.
Темірбек екеуміз үйдің жұмысын бөліспейтін едік. Балаларды да еңбекке баулыдық. Анам ауру болғандықтан мен бала кезден жұмыс таңдаған емеспін. Қыздарым да үйдің шаруасына мығым болды. Оларды қолға ілінгеннен жұмсадым. Өйткені, таңертеңнен кешке дейін қырда жүрген соң, барлығына бірдей үлгеру қиын болатын. Екі қызым-– Гүлжан мен Гүлшат үйді тазалап, сиырды сауып, балаларға қарап отырады. Маған Кеңес Одағының әр жерінен журналистер, ауыл шаруашылығын зерттейтін ғалымдар, депутаттығыма байланысты өтініш айтушылар келгіш еді. Үй қонақсыз болмайтын. Сол үшін үйді тазалаумен алысып жататын едік. Өзім Мәскеуге жиі баратындықтан ол жақтағы тазалықты көріп келіп, солай тұруға талпынамын. Сырттағы дәретхананы қыздарым дәрілеп жуудан жалықпайтын еді. Ұлдарым Сырым мен Асқар өскен соң, екеуі кезектесіп сиырды сауып, сүтті пісіріп қоятын болды. Екі қыздың жұмысын енді екеуі алды. Жұмсағаннан балаларым да жаман болған жоқ. Барлығы да ешқандай сүйеусіз өмірден өз орындарын тапты.
– Сіз осыдан 7-8 жыл бұрын қажылық парызыңызды өтедіңіз. Дін жолына қалай келдіңіз?
– Менде имандылық жолына бала кезден іргетас қаланған деп білемін. Менің атам Тасбай деген кісі білімді молда болды. 5-6 жасар кезімде атаммен қатар тұрып, намазға жығылады екенмін. Ол кісіден естіген сүрелерімді әлі ұмытқан жоқпын. Коммунист те болдық, орыс арасында жүрдік, орысша білім алдым. Бірақ қандай уақыт, қандай саясат жетектесе де менің рухани өзегім мықты болды. Сосын ниет етіп, сәждеге бас қойған соң, намазды үйрену қиын емес екен. Қазір бес уақыт намазымды үзбеймін. Елімнің, балаларымның амандығын дұғама қосамын. Денсаулық көтеретін кезде қажылыққа барып, бес парыздың бірін орындап қайттым. Адал еңбекпен жинаған абырой-атақ бар ғой, шүкір. Бірақ соны малданып, бір шекпендінің алдына бір нәрсе сұрап бармаппын. Темірбек ауырып жүргенде де, облыс басшыларының немесе басқа да қолында күш-қуаты барлардың алдына барған жоқпын, Алланың басқа салғанын өзім көрдім. Имандылық, адамгершілік, адалдық, тазалық әр адамның өмірінің мәні болуы керек деп ойлаймын. Балаларды да осыған тәрбиеледік. Менің өмірден жиған-тергенім, байлығым осылар.
– Кәмшат Байғазықызы, әңгімеңізге рахмет. Сіз де халқыңыздың бір байлығысыз. Алтын құрсақ анасыз. Қазіргі кескін-келбетіңіз, тектілігіңіз баяғыдағы, өзіміз аңыз етіп айта беретін ардақты аналарға ұқсайды десем, артық айтқаным емес. Ортамызда аман жүре беріңіз.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.