Өткен тәулікте Қарағанды облысында бес мыңға жуық адам COVID-19-ға қарсы вакцина екті. Бірінші компонентпен вакцинацияланғандардың жалпы саны - 280 255 адамды, ал екінші компонентпен егілгендер саны – 161 050 адамды құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 4 060 адам Covid-19 вакцинасының бірінші компонентін алды. Ал екінші компонентін - 823 адам еккіздіріп үлгерді.
«Облыста коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. Мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған 115 егу кабинеті ашылды. Вакцинаны өңірлерге жеткізу логистикасы да пысықталды. Халыққа еgov.kz және Damumed жеке кабинеттері арқылы вакцинацияға жазылу қолжетімді болды», деп атап өтті Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Емханалардағы вакцинациялау орталықтарынан басқа «Таир», «Абзал», «Global City», «Умай», «МБО», «Әлем», «ГрандСтор» сияқты ірі сауда орталықтарында егу кабинеттері ашылды. Ауылдық елді мекендерде халықты вакцинациялау үшін жылжымалы медициналық кешендер пайдаланылады. Өнеркәсіптік кәсіпорындарда вакцинациялауды көшпелі егу бригадалары жүргізеді, олардың облыстағы саны 45-тен асады.