Кеше қазақстандық футбол командалары үшін 2021/2022 жылғы Еурокубок ойындары басталды. Былтыр Қазақстан чемпионатында топ жарған Алматының «Қайраты» кеше кешкісін Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынын өткізсе, турнир кестесінде алматылық клубтан кейін орналасқан елорданың «Астана», Қостанайдың «Тобыл» және Қарағандының «Шахтер» командалары жақында жаңадан құрылған Конференция лигасында ойнайды.
«Қайрат» – «Маккаби» (Хайфа)
Швейцарияның Ньон қаласында тартылған Чемпиондар лигасының бірінші квалификациялық кезеңінің жеребесі бойынша «Қайрат» екінші жыл қатарынан Хайфаның «Маккабиімен» кездесетін болды. Алматының командасы былтыр Израиль клубымен Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде жолығып, сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Пандемияға байланысты былтырғы бәсекелерде тек бір ғана матч өткізілген еді.
1913 жылы құрылған «Маккаби» Израиль чемпионатында 12 мәрте бас жүлдені олжалады. Ол биылғы маусымның қорытындысы бойынша өз елінің теңдессіз клубы деп танылды. Ел кубогы жолындағы жарыста алты рет топ жарды. «Маккаби» – Израиль футболы тарихындағы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен тұңғыш команда (2002/2003). Сол жарыста ол жеті ұпай жиып, үшінші орынға табан тіреді. Еурододадағы ең үздік көрсеткіші – Кубок иегерлері кубогының (1998/1999) ширек финалы және УЕФА кубогының (2006/2007) 1/8 финалына дейін жетуі. Бұл күндері Барак Бахар жаттықтыратын команда негізінен жергілікті футболшылардан жасақталған. Сондай-ақ «Маккабидің» сапында Аустралия, АҚШ, Гамбия, Нидерланд, Сербия, Камерун, Испания, Суринам секілді мемлекеттердің де өкілдері бар.
Қазақстандық футбол сарапшысы Сергей Волгин Vesti.kz интернет басылымына берген сұхбатында «Қайрат» қиын қарсыласқа тап болғанын, алматылық ұжымның келесі кезеңге өту мүмкіндігі аз екенін айтқан еді.
– «Маккаби» – бірінші іріктеу кезеңінде «Қайратқа» түсуі мүмкін болған ең ыңғайсыз қарсыластың бірі. Бұл туралы мен былтырғы жеребе тарту рәсімінен кейін де айтқан болатынмын. Статистикаға қарайтын болсақ, Израиль клубы «Қайраттан» басым болып тұрғанын байқаймыз. Бірақ статистиканы кез келген уақытта бұзуға болады. Қарымта кездесудің Алматыда өтетіні «Қайратқа» аздаған үстемдік сыйлайды, – деген еді ол.
Ал спорт журналисі Айдын Қожахмет алматылық ұжымның бұл жолы «Маккабиден» басым түсетініне сенімді. Оның айтуынша, «Қайрат» Израиль клубтарымен бүгінге дейін бірнеше рет ойнап, оларды әбден жаттап алған. Сондықтан былтырғы ел чемпиондары бұл жолы қарсыластарының осал тұсын табады. «Маккаби» мен «Қайрат» арасындағы қарымта кездесу 14 шілдеде Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
«Астана» – «Арис»
Алты жылдан бері тек Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жүрген елорданың «Астана» клубы былтыр ел чемпионатында күміс жүлде алғандықтан УЕФА Конференция лигасында бақ сынайтын болады. Жерлестеріміз аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде Грекияның «Арисімен» кездеседі.
«Арис» былтырғы Грекия Суперлигасында «Олимпиакос» және ПАОК клубтарын алға жіберіп, үшінші орын иеленген болатын. 1914 жылы құрылған клуб бүгінге дейін өз елінің үш дүркін (1928, 1932 және 1946) чемпионы саналады.
Өткен маусымда «Арис» қола жүлде олжалап, 40 жылдан кейін алғаш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. УЕФА-ның клубтық рейтингінде 237-орында тұр, ал «Астана» қазіргі уақытта 64-сатыға орналасқан. Бірақ екі команданың трансферлік бағасы шамалас. Мәселен, елордалық клубтың жалпы құны – 15,95 миллион еуро болса, «Арис» футболшылары 15,7 миллион еуроға бағаланған.
«Арис» клубында 2015/16 жылғы маусымда «Лестермен» бірге Англия чемпионы атанған Йоан Беналуан ойнайды. Командада көбіне шетелдік легионерлер доп тебеді. Ал клубта барлығы сегіз грекиялық футболшы ойнайды.
Елордалық ұжым былтырғы маусымдағы сәтсіздіктен тиісті қорытынды шығарып, биыл ел чемпионатында тәуір ойын көрсетіп жүр. Қазақстандық футбол маманы Болат Есмағамбетовтің айтуынша, «Астана» үшін «Арис» қиындық тудырмауы мүмкін.
Екі ұжым арасындағы бірінші ойын 22 шілдеде елордада, қарымта кездесу 29 шілдеде Грекияда өтеді.
«Тобыл» – «Хайдук»
УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» Хорватияның «Хайдук» клубымен кездеседі. Былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Еурокубок бәсекесінде ең қиын қарсыласқа тап болды. Дегенмен «Хайдук» соңғы екі жылда Еуродода ойындарында көзге түсе алмай жүр. Чемпионаттағы жағдайы да аса мәз емес. Ең кейінгі рет 2005 жылы Хорватия чемпионы атанған. Ал былтыр 60 ұпай жинаған «Хайдук» турнир кестесінде 4-орынға табан тіреді.
Хорватиялық клубтың трансферлік құны «Тобылдан» үш есе жоғары. Transfermarkt мәліметі бойынша, «Хайдук» футболшыларының бағасы – 31,43 миллион еуроға бағаланған. «Тобыл» клубының бағасы – 11,78 миллион еуро.
«Хайдук» қазақстандық клубпен алғаш рет кездесейін деп тұрған жоқ. Хорватиялық клуб бұған дейін 2014/15 жылғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде Қарағандының «Шахтерімен» ойнап, екі матчтың қорытындысы бойынша (4:2, 3:0) келесі кезеңге шығып еді.
Екі ұжым арасындағы бірінші ойын 22 шілдеде Хорватияда, қарымта кездесу 29 шілдеде Қостанайда өтеді.
«Шахтер» – «Стяуа»
Биыл «Шахтер» араға жеті жыл салып алғаш рет Еурокубок ойындарына қатыспақ. Жеребе қорытындысы бойынша, Қарағандының командасы Бухаресттің «Стяуасымен» кездеседі. Дәл қазір футбол мамандары Еурокубок турниріне қатысып жатқан қазақстандық командалардың ішінде ең қиын қарсылас «Шахтерге» түсті деп отыр.
«Стяуа» былтырғы Румыния чемпионатының соңғы сегіз ойынының тек біреуінде ғана жеңіске жеткен. Бірақ құрам бойынша «Шахтер» қарсыласынан әлдеқайда әлсіз болып тұр. Мәселен, Transfermarkt.com «Стяуа» клубын 30 миллион еуроға бағалап отыр. Ал «Шахтер» футболшыларының бағасы – 6,4 миллион еуро.
Болат Есмағамбетов «Шахтердің» келесі кезеңге шығу мүмкіндігін 20 пайызға бағалап отыр. Айта кетейік, екі клуб арасындағы бірінші кездесу 22 шілдеде Румынияда, қарымта кездесу 29 шілдеде Қарағандыда өтеді.