Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Осы орайда Түлкібас ауданы, Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлиевтің ауласынан табылған ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны еліміздің, оның ішінде өңір тарихына тың деректер қосары анық. Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген.
Жәдігердің құпиясын білмек болған үй иелері бірден көне жазуларды оқитын арнайы мамандарға хабар берген болатын. Ғалымдар енді зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жария етіп отыр. Атап айтсақ, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Ясауи ізімен ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Абай ауылына барып, тарихи орынмен танысқан. Араб, парсы, көне түркі тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде: «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб» деген жазу барын анықтады. Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерде ұзындығы – 4 метр, ені – 1,65 метр, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны анықталады. Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған. Сондай-ақ қазба жұмыстары барысында металдан, сүйектен, қыштан, шыныдан жасалған бірқатар археологиялық артефактілер табылды. Ғалымдар табылған заттай айғақтарға ғылыми зерттеулер нәтижесіне сүйеніп ескерткіш шамамен X-XI ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызмет атқарған Мұхаммед Нұран баб атты әулиеге арналған деген қорытынды жасауға негіз барын айтады. Қазба жұмыстары барысында аталған аймақтан бұлақ көзі шығып, судың көтерілуі әрі қарай зерттеуге кедергі болған. Әйтсе де жер астынан аршылған түрлі жәдігерлер мен құрылыс нысандарының іргетасы көптеген тың мәліметке жол ашты. Ғалымдардың пікірінше, құлпытастың тік тұруы бұл аймақта қабір жатқандығын аңғартады. «Құлпытас қабірдің басына қойылады. Бұл ескерткішті әлі де тереңірек зерттеу қажет. Менің пікірімше, Мұхаммед Нұран бабтың қабірі құлпытастың астында 1,5-2 метр тереңдікте жатқан болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұлақтың көзі ашылып, су арық сияқты толып ағып жатыр. Құлпытас орнатылған тұлға ұсталықпен айналысқан болуы мүмкін. Себебі қазба орындарына қарап өте ерекше әрі ауқымды жұмыс жүргізілген пештің орнын байқадым. Бұл мәселелерді саралай келе, Нұран бабтың қабірі ұстаханасының жанына орналастырылған немесе шәкірттері ұстазының құрметіне қабір жанында ұсталық ісін жалғастырған деп пайымдауға болады. Пештің үлгісі мен айналасынан шыққан қалдықтарға қарап темір қорытатын орны болғанын да байқауға болады. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді» деген болатын. Яғни біз әңгіме етіп отырған жәдігерлер металл өңдеу, ұсталық өнерінен хабар береді. Бізді таңғалдырғаны – археологияда тек тастан қаланған пештің мұндай үлгісі бірінші рет кездесіп отыр, әрі өзеннің жұмыр тастарынан өріп өте тамаша жасаған», дейді белгілі археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев.
Ескерткішті қазу барысында ғалымдар көне төс пен шала қорытылған темірдің бірнеше бөліктерін тапқан. Нұран бабаның болаттан құйып жасаған төсі өте берік әрі салмақты екен. Ғалымдар мұндай байырғы төс Қазақстанда алғаш рет табылып отырғанын айтуда. Төстің бетіндегі айқыш-ұйқыш балға іздерінен ұстаның ұзақ жылдар бойы пайдаланғанын бірден байқауға болады. Ал енді Мұхаммед Нұран баб есіміне қатысты ғалымдар аңыз-әңгімелерде бабтардың, сол сияқты діни тұлғалардың әртүрлі сүйікті кәсіптері болғанын айтады. Яғни Арыстан баб, Лашын баб, Қарға баб, Ысқақ баб, Жүсіп ата, Сәдуақас ата сынды тұлғалардың бірі құс баптаумен, енді бірі қасапшылықпен, келесісі жүзім, бау-бақша өсірумен айналасып, халықтың ілтипат-құрметіне бөлене жүріп кәсібіне сәйкес лақап атқа ие болған. Баб сөзі араб тілінде «есік, қақпа», яғни діннің қақпасын ашушы деген мағына береді. Сондықтан алғаш рет Баб есімі жазылған құлпытастың табылуы мамандар тарапынан үлкен жаңалыққа баланып отыр. «Әлдибастау әулиесі» ескерткішінен 100-150 метр қашықтықта жергілікті халық аяқ асты етпей, әулиелердің табаны тиген қасиетті орын деп құрмет тұтатын шағын төбешік бар. Ауыл қарияларының айтуынша, дінге қарсы атеистік көзқарас орнағанға дейін дәл осы жерде жұма сайын жан-жақтан халық жиналып намаз оқитын, ал астында зікір салып, ауру-сырқауларды шілдеге салатын орын болыпты. Көнекөз қариялар қадір тұтып қастерлеген, бүгінгі ауылдастары да көздің қарашығындай қорғап отырған төбені көрген тарихшы-ғалымдар үйіндіні белгілі бір діни ғимараттың орны болған деп тұжырымдауда. Яғни ғалымдар Абай ауылындағы жерасты қылуетіне ұқсас бұл үйіндінің сыртқы келбеті Түркістан қаласындағы Құмшық ата қылуетіне ұқсас екенін айтады. «Ясауи ілімін жалғастырған сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған Құмшық ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген, ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Қылует шаршы пішінді шикі кірпіштерден қаланып, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 метр және биіктігі 2 метрдей дөңгелек пішінді үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, оның негізгі құрылысы күйдірілген кірпіштен қаланып, күмбезбен көмкерілген. Ал мына жердегі жерасты қылуетінің үстіне кесектен қалап мешіт тұрғызылыпты. Бәлкім, бұл Мұхаммед Нұран бабтың дәуірінде салынған нысан болса керек. Нақтысы зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болады», дейді археолог Марат Қымызұлы.
Абай ауылынан табылған жұмбағы мол «Әлдибастау әулиесі» ескерткіші жайлы зерттеу, зерделеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Түркістан облысы