• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Коронавирус 08 Шілде, 2021

Вирус жұқтыру азаймай тұр

212 рет
көрсетілді

Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың ақпаратына сүйенсек, 1 шілдеде зертханалық тексеруге 43 сынама жіберілген. Оның ішінде 18 сынамадан «Дельта» штамы анықталыпты. Өңірде коронавирус инфекциясының қаупі өршіп тұрғанына қарамастан, әртүрлі іс-шараны өткізу, оған қатысу тоқтар емес.

– Жақында мониторинг то­бы осындай 74 іс-шараны анық­тады. Бұл былтырғы осы кезең­де індеттің өршігенін ұмыт­қа­нымызды байқатады. Сон­дықтан тұрғындардың шектеу шараларын сақтап, вакцина алғаны жөн, – дейді М.Танауов.

Ал облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің мәлі­метінше, Атырауда маусым­ның соңы мен шілденің басын­да­ коронавирус инфекция­сын­ жұқтырғандар саны 35,9%-ға өскен. Мәселен, 28 мау­сымда қауіпті вирусты 66 адам жұқ­тырған. Ал 1 шілдеде – 103, 2 шіл­де­де 137 жағдай анықталған.

– Қазір өңірде 2 098 төсектік 10 инфекциялық стационар да­йын­­­далды. Оның ішінде Аты­рау қа­ласында 460 төсектік орны бар үш стационар, Теңіз кен ор­нында 1 360 төсектік орын­дық ста­ционар, жеті ауданда 278 тө­сектік орынға арналған ста­цио­нар жұмыс іс­тейді. Ал реани­ма­циялық төсектік орын саны – 81. Бұған қоса, 750 төсектік орындық қосым­ша резерв­тік инфекциялық стационар да­йын тұр, – дейді Қ.Абдалиев.

Оның айтуынша, 2 шілдеде модульдік ауруханадағы төсектік орынның 90 пайызына науқастар жатқызылыпты. Жан­сақтау бө­ліміне 24 пациент түс­кен. Оның жиырмасы ауыр халде жатыр. Жағдайы өте ауыр төрт науқас өк­пені жасанды желдету аппаратына қосылыпты.

Шындығында, Атырауда соң­ғы күндері коронавирус инфек­ция­сына шалдығу дерегі үдеп барады. Мәселен, 3 шілдеде қауіпті вирусты жұқтырғандар Атырау қаласында, жеті аудан мен Теңіз кенішінде тіркелді.

– Бұл тәулікте 154 адамнан коронавирус инфекциясы анық­талды. Оның ішінде 99 науқас – Атырау қаласының тұрғы­ны. Сондай-ақ Құрманғазы ауда­нын­да – 11, Жылыойда – 11, Исатайда – 7, Индерде – 7, Қызыл­қоғада – 7, Махамбетте – 4, Мақат ауданында 2 адамнан вирус белгісі табылды. Ал Теңіз кенішінде 6 жұмысшы қауіп­ті індетке шалдықты, – деп мә­лім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Осыған байланысты өңірдегі инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың саны 518 адамға жеткен. Оның ішінде модульдік ауруханада – 182, №2 облыстық ауруханада – 140, аудандардағы стационарларда – 119, Теңіз кен орнындағы стацио­нарда 52 адам емделіп жатыр. Қа­зір үй жағдайында емделуге 512 адам оқшауланған.

Осындай деректерге қара­мас­тан, коронавирус инфекция­сына қарсы вакцина салдыру қар­қын ала бастағаны байқалады. Елі­мізде жаппай вакциналау бас­талған 1 ақпаннан 3 шілдеге дейін 94 340 атыраулық қауіпті вирусқа қарсы вакциналардың І компонентін салдырды. Вакци­налардың II компонентін 51 633 адам ектірді. Ал 3 шілдеде Спут­ник V, QazVac, Нayat Vax вакциналарының I компонентін 3 611 атыраулық салдырды. Ек­пе алғандардың қатарында 212 дәрігер, 285 педагог, 38 студент, арнайы мекемелердің 27, құ­қық қорғау органдарының 21 қыз­меткері, 61 мемлекеттік қыз­метші, 175 созылмалы сыр­қатқа шалдыққан 175 адам мен жергілікті 2 792 тұрғын бар.

Өңірдегі эпидемиялық ахуал­дың күрделенуіне бай­ланыс­ты бас санитар дәрігер М.Танауов карантиндік шек­теулерді күшей­тетін жаңа қау­лыға қол қойды. Жаңа қаулы 5 шілдеде күшіне енді.

– Сауда үйлері мен сауда-ойын сауық орталықтарына (павильондар, бутиктер), сауда желілеріне сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін (толтырылуы объект сыйымдылығының 30%-нан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес) тек қана жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқ­сат етіледі. Бұл ретте оларда орналасқан аттракциондардың, ойын алаңдарының, ойын ор­талықтарының, қоғамдық тамақ­тандыру объектілерінің жұмы­сына тыйым салынады, – делінген қаулыда.

Сондай-ақ сұлулық салондары, шаштараздар, кос­мето­логиялық қызмет көрсететін нысандардың жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, спорт кешендері, фитнес-ор­талықтар, фитнес-клубтар, йога орталықтары, спорттық-сауық­тыру нысандары (оларда орналастырылған бассейндер, сау­налар, СПА, массаж, пилинг), сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер жұмыс күндері сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал Аshyq жобасына қа­тысатын нысандардың жұмыс режімі сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін созылады.

Ал 5 шілдеде тағы да 149 аты­раулық қауіпті вирусты жұқ­тырды.

 

Атырау облысы