Елордада өткен тәулікте шектеу шараларын сақтамағаны үшін қаланың үш қоғамдық тамақтану орны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Есіл ауданында «Chelsea» спорт-бары белгіленген уақыттан кейін де жұмыс істеуін тоқтатқан жоқ. Ал «Opus One» кафесі жұмыс режимін сақтамағаны үшін жауапқа тартылды.
Сарыарқа ауданында орналасқан «Көктал» кафесі елорданың бас санитарлық дәрігерінің қаулысын елемей, түннің бір уағына дейін жұмыс істеген. Тексеру кезінде мекемеде адам көп болып, әлеуметтік қашықтық сақталмағаны анықталды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары, сол сияқты кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.