Ауыл әкімдерінің сайлауы жақындаған сайын қарапайым халық арасында әртүрлі сауал көбеюде. Себебі мемлекеттік қызметшілердің ішінде халыққа ең жақын, ең танымал – ауыл әкімдері екенін жақсы білеміз.
Мемлекеттік биліктің тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін бөлігі – шынында да, жергілікті әкімдер. «Билік» дегенде халық ең алдымен ауылдық округтер және ауылдар әкімдерін ойлайды. Әртүрлі мәселелер бойынша алдымен осы әкімдерге жүгінеді. Сондықтан әкімдерді сайлау ісі өзекті болып тұр. Ал алдағы үш жылда жалпы әкімдер корпусының 91% сайланатынын ескерсек, онда бұл еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға айналатын болады.
Сонымен қатар бүгінде әкімдердің жергілікті билікте атқаратын рөлі күшеюде. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Онда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық аумақтардың кіріс базасын кеңейтуді, бюджеттік рәсімдерді оңайлатуды, әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіруді, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дербестігін кеңейтуді және жауапкершілігін күшейтуді көздейтін бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Яғни жұмыс істеймін деген әкімге қажетті барлық жағдай жасалынды. Ендігі мәселе – дұрыс таңдау жасау. Ал таңдау жасайтын – халықтың өзі. Сондықтан халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді.
Жаңа форматта өтетін әкімдерді сайлау қазақстандық қоғамда демократиялық үрдістерді жетілдіре ме, бұқараның билікке деген сенімін арттыра ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін бірнеше факторды ескеру қажет.
Біріншіден, әкім болуға үміткерлерді ұсынудың негізгі жолдарының бірі – саяси партиялар арқылы ұсыну. Мысалы, бүгін Жамбыл облысында 6 партияның филиалдары жұмыс істемейді: Nur Otan (54 254 мүше), «Ауыл» (26 450 мүше), «Ақ Жол» (8 630 мүше), «Қазақстан Халық партиясы» (12 570 мүше), «Адал» (16 300 мүше), Ұлттық социал-демократиялық партиясы (8 120 мүше). Демек, әкімдерді сайлау партиялар бәсекесіне айналады деген сөз.
Екіншіден, алдымызда болатын әкімдерді сайлау халықтың жалпы сайлау үдерісіне сенімін күшейтуі қажет. Психологиялық ғылымда «саяси эмпатия» деген ұғым бар. Бүгінгі сайлаушылардың саяси эмпатиясы жоғары деп айтуға болмайды. Себебі «мен сайлауға қатыспаймын», «менсіз де талай сайлау өтіп жүр ғой», «бәрібір ешқандай жақсы өзгеріс болмайды», деп ойлайтын азаматтардың саны аз емес. Сондықтан халықтың осындай көзқарасын өзгерту – өте маңызды мәселе. Өз әкімдерін таңдау сәтінде әр дауыстың маңызды екенін түсінген бұқара кейін мәслихат, Парламент депутаттарын сайлау кезінде үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады.
Үшіншіден, әкімді сайлау қазақ тарихындағы болыс сайлауына ұқсап кетпеуі керек. Мысалы, Жамбыл облысында биылғы жылдың аяғына дейін 41 ауылдық округтің әкімдері сайланады (оның 38-і – шілде айында). Бұл ауылдардың экономикалық жағдайы, онда тұрып жатқан тұрғындардың ахуалы бірдей емес. Жақсы дамып келе жатқан ауылдар да аз емес. Сонымен қатар кейбір әлеуметтік – экономикалық мәселелері (баға мен тарифтің көтерілуі, ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғи газды тарту, жолдардың сапасы, жайылым жерлердің жетіспеуі) толық шешілмеген ауылдық елді мекендер де бар. Сондықтан облысымызда сайлау өтетін 41 ауыл округінде байқаушылар тарапынан қоғамдық мониторинг ұйымдастырылған, әр округ бойынша электронды карта дайындалып, әкімге кандидаттардың әлеуметтік портреті жасалуда. Себебі сайлауға қатысудың жөні осы деп, ел ішіне іріткі салуды көздейтіндер де болуы мүмкін. Ең жаманы – ауыл әкімдерін сайлау кезінде руға, жершілдікке, туыстық қарым-қатынасқа, тамыр-таныстыққа бөліну орын алуы мүмкін. Қоғамдық мониторингтің негізгі мақсаты – осындай жағдайларды алдын ала бақылау.
Қорыта айтсақ, ауыл әкімдерін сайлау – жалпы халықтың сайлау мәдениетінің деңгейін көрсетіп қана қоймай, ел үшін үлкен сынақ болғалы тұр.
Тәуелсіз қазақ елі отыз жыл ішінде талай сынақтан өтті. Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі тарихи шешімді қабылдауы – болашаққа бағытталған маңызды әрі дұрыс қадам деп санаймын. Бірақ еліміздің 70 жыл бойы тоталитарлық кезеңді бастан өткергенін ұмытпауымыз керек. Қазір мүлде басқа дәуір. Бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу. Бүгінгі уақытта халықтың санасы өсіп, саяси мәдениеті қалыптасты. Осы бірінші сайлау айқай-шусыз әділ өткізілсе, кейін аудан, облыс әкімдерін сайлау соншалықты қиыншылық туғызбауы тиіс. Ауыл әкімдерін сайлаудың ең бірінші артықшылығы – халықтың өзі тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Бұған дейін аудандық мәслихат сайлайтындықтан, ауыл әкімдері атқарған жұмыстары туралы мәслихат пен аудан әкімі алдында есеп беруі тиіс болатын. Енді халық өзі сайлаған әкімінен талап ету құқығына ие болады. Осы ретте ауылдық жерлерде қоғамдық институттар тиісті дамымағанын ескеруіміз керек. Ауыл тұрғындарының қоғамдық белсенділігінің әлі де төмен екендігі жасырын емес. Сондықтан өңірлердегі қоғамдық институттарды дамыту қажет.
Сайлау арқылы жергілікті деңгейде билікке деген сенім артып, аймақтық саяси элита қалыптаса бастайды. Сайлау нәтижесінде сайланған әкімдердің арасынан нақты ісімен көзге түсіп, басқаруда практикалық тәжірибе жинақтаған, жеткен жетістігі бар заманның жаңа лидерлері қалыптасып, халық алдына шығары сөзсіз. Қоғамдық сана мен саяси мәдениет мүлдем басқа сатыға көтерілетін болады. Халық сөздің емес, істің адамын бірден танитын жағдайға жетеді. Жергілікті тұрғындар толық саяси үдерістерге қатысуға мүмкіндік алып отырғанын көріп отырмыз.
Әрине, алдағы ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер де болады. Бірақ ол кемшіліктер заңдағы олқылықтан емес, жергілікті жердегі таңдаудан болуы мүмкін. Кемшіліктің де өзіндік пайдасы бар. Себебі тәжірибе жиналады: бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Сондықтан басталған үлкен саяси науқан нағыз демократиялық қадамға айналу үшін барлығымыз оған үлкен жауапкершілікпен қарап, өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері