«Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс». Бұл – Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толықтай цифрландыру бойынша қойған басты тапсырмаларының бірі. Осы бағытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қандай жұмыстар атқарып жатыр? Енгізген жаңа сервистерінің ерекшелігі неде? Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде жиі туындайтын мәселелер қандай?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің осы және өзге де сұрақтарына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасы Әділ Қожықов пен оның орынбасарлары жан-жақты жауап берді.
Елімізде жыл соңына дейін бұлтты электронды цифрлық қолтаңба енгізу жоспарлануда. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» ұсынып отырған жаңа сервистердің бірі. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің мәлімдеуінше, өткен жылы 4,8 миллион қазақстандық ЭЦҚ алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келген. «Бұл барлық өтініштердің 30 пайызын құрады. Осыған орай, қазіргі таңда Цифрлық даму министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірлесіп бұлтты ЭЦҚ енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл жоба цифрлы қолтаңба алу процесін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл шешім халықты онлайн режімге көшірудің кілті болады деп санаймыз», дейді спикер.
Ол сондай-ақ халықтың көпшілігі мемлекеттік қызмет алу үшін әлі күнге дейін ХҚО-ға келуді жөн көретінін мәлімдеді. «Қызметтерді талдау тек 6 қызмет түрі қызмет алушылардың 75 пайызын қамтитынын көрсетіп отыр», деген С.Әбділдин өз сөзінде бұлтты ЭЦҚ-ның қалай жұмыс істейтінін де түсіндіріп өтті.
«Электронды қолтаңба биометриялық деректер бойынша жұмыс істейді. Өткен жылдың күзінен бастап mGov мобильді қосымшасында авторландыру және биометриялық деректер арқылы тіркеу іске қосылды. Жүйенің өзі файлдық болмайды, ал ЭЦҚ қашықтағы серверлерде сақталады. Цифрлы қолтаңба биометриялық сәйкестендіру арқылы алынады. Сол себепті қызмет алушыларға бұрынғыдай үнемі өздерімен бірге жеке куәліктерін немесе флешка мен компьютерде ЭЦҚ алып жүру міндетті емес. Халықтың дені қызмет көрсету орталықтарына флэш-дискілерін жоғалтып алып, электронды қолтаңбаларын жаңарту үшін келеді. Ал егер ЭЦҚ бұлтты болған жағдайда бұл деректің барлығы қашықтағы серверде сақталып тұрады. Адамдар жеке басын биометриялық растаған кезде қолтаңбаны автоматты түрде шығарып алып, тиісті құжаттарға қол қоя алады», деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ енді азаматтар ХҚО-ға келген кезде кассаға кезекке тұрып, уақыт оздырмай бірден Homebank, Kaspi.kz қосымшаларындағы QR кодтың көмегімен мемлекеттік қызметтер үшін тез және қауіпсіз төлем жасай алады.
QR кодпен, мысалы, жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектісін және жер қатынастары, жылжымайтын және жылжымалы мүлік, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтер үшін төлем жасауға болады. Ал QR төлемді пайдалана алмайтын клиенттер үшін банктермен бірлесіп, ХҚО операторларында POS терминалдар орнату мәселесі де шешілуде.
Брифинг барысында басқарма төрағасы Әділ Қожықов «Азаматтарға арналған үкіметтің» мемлекеттік қызметтерді көрсетуде еліміздегі бірыңғай провайдер екенін атап өтіп, төрт түрлі мекеменің қосылуынан пайда болған корпорацияның құрылғанына биыл 5 жыл толғанын да еске салып өтті.
«Көпшілік бізді халыққа қызмет көрсету орталықтарына жауапты мекеме ретінде біледі. Алайда одан бөлек, жер кадастры, жылжымайтын мүлік, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны есептеу, заңды тұлғаларды тіркеу сияқты бағыттарымыз бар. Корпорация мемлекеттік реестрдегі 659 қызмет түрін көрсетеді. Бес жыл ішінде қазақстандықтарға 150 миллионнан астам қызмет көрсетілді», деді басқарма төрағасы.
Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияда 22 мың маман жұмыс істесе, облыстар мен үш мегаполисте барлығы 17 филиалы іске қосылған. Сонымен қатар ауыл-аудандарды қамтитын 339 халыққа қызмет көрсету орталығы, жылжымайтын мүлік пен жер кадастры, әлеуметтік төлемдер бойынша барлығы 442 бэк-офис ашылған. Бұдан бөлек, шалғай жатқан елді мекендерге баратын 69 мобильді ХҚО қызмет көрсетеді.