• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 09 Шілде, 2021

Ереже бұзғандар анықталды

187 рет
көрсетілді

Қауіпсіздік шаралары жан-жақты сақтал­ғандықтан шығар, Шығыс Қазақстан «сары аймақта». Соңғы мәлімет бойынша, өңірде коронавирус індеті 66 адамнан анықталған. Тұрғын­дардың көбі екпе салдырып, барынша қорғанып-ақ жатыр. Оның үстіне, бірқатар мекемеде, демалыс орындарда ASHYQ жобасы енгізілген.

Бұл да цифрландырудың нәтижесі ғой, оқшаулау режімін бұзғандарды ASHYQ жобасының көмегімен анықтауға болады. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы ASHYQ жобасы 900-ге жуық нысанда орнатылған. Атап айтсақ, 344 қоғамдық тамақтану орнында, 167 демалыс базасында, автобекет, әуежайларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істеп тұр.

Ал жобаның QR коды арқылы Өскемен бойынша есеп-қисап жүргізсек, 35 ұйымнан адам аяғы арылмайтын көрінеді. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындары, бір университет, балалардың ойын-сауық орталықтары және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдар бар екен. Семей қаласы бойынша айтар болсақ, 21 ұйымның есігі жиі ашылады. Туризмі дамыған Риддерде жобаның QR-кодын ең көп пайдаланған бір ғана демалыс базасы бар. Яғни демалуға асыққандар көп. Аягөз ауданында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына келушілер көп екен. Көп дейміз, мүмкін ASHYQ жобасын пайдалануға деген талап күшті шығар.

Қазіргі уақытта Өскемен мен Семей «сары аймақта» болғанымен, ашықтықты ең көп қолданған кәсіпорындар «жасыл аймақтың» шарттары бойынша жұмыс істей алады. Облыста ASHYQ жобасы енгізілген сәттен бастап оқшаулау режімін 214 азамат бұзғаны анықталды. Түрлі нысандарға «қызыл» мәртебесі бар 34 адам, «сары» мәртебесі бар 180 адам баруға тырысқан. Құқық бұзу­шылардың ең көбі Семейде тіркелген. Нақтырақ айтсақ, 144 адамға қоғамдық орынға кіруге тыйым салынған. Өскеменде 44 азамат жүйеден өте алмаған.

Мұндай ережелерге тұрғындар түсініс­­тікпен қарайды. Сайып келгенде, тұрғын­дардың қауіпсіздігі, денсаулығы үшін атқа­рылып жатқан шаралар.

 

Шығыс Қазақстан облысы