Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екпе алғандар арасында ақшалай сыйлық ойнату 26-маусымда басталды. Ұтысқа қатысу үшін павлодарлықтар індетке қарсы вакцина алуға келе бастаған. Тәулігіне 4 мыңнан астам адам вакцина алуға келген. Сөйтіп, 4 шілде күні ақшалай сыйлыққа Анастасия Гринченко ие болды.
– Мен миллион теңге алу үшін емес, өзімді және жақындарымды қорғау мақсатында екпе алдым. Жақында осы індет салдарынан туғанымнан айырылдым, – дейді А.Гринченко.
Ал індетке қарсы екпе алғандар арасында ақшалай сыйлық ойнатуды кәсіпкер, шоумен Айдар Құрымбаев бастады. Байқаудың шарты бойынша 26 маусым – 3 шілде аралығында облыс орталығындағы №1, 3, 4, 5 емханаларда, «Almaz Medical Group», «Данель» медициналық ұйымдары мен Теміржол ауруханасының бірінде індетке қарсы екпе алуы қажет болды.
– Екпе алғандар арасында ойнатылған ұтысқа емханаларда екпе алғандар қатысты. Қатысушылардың бәрі ерікті түрде келді. Ұтыс ойынына қатысу үшін екпе алғаны жайлы анықтама керек. Осылайша сауалдаманы толтырып, емханадағы жәшікке тастады. Сөйтіп, талон толы жәшіктерді жинап, лототронға салдық та жеңімпазды анықтадық. Ұтыс иесін құттықтап, ақшалай сыйлығын табыс еттік, – дейді шоумен.
Шоумен өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында тікелей эфирде өткен ойын барысында кездейсоқ талонды алып шығып, ұтыс иесін анықтайды.
– Қазір білесіздер, мейрамхана бизнесі бір жылдан аса уақыт тоқтап тұр. Үкімет тұрғындардың 60 пайызы екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан соң ғана қоғамдық шараларды ұйымдастыруға рұқсат беретінін мәлімдеді. Сондықтан тұрғындарды ынталандыру мақсатында осындай шара өткізуді ойладым, – дейді кәсіпкер.
Басқарманың мәліметінше, өңірде вакциналау барысы өткен айлармен салыстырғанда 1,6 есе өскен. Өңірде 155 мың тұрғын вакцинаның бірінші компонентін алса, 86 мыңнан астам адам толық егілген. Екпе алу барысының көбейгені 28 маусым мен 4 шілде аралығында байқалды. Өйткені осыдан бір апта бұрын вакцинаның бірінші компоненті 17 мың адамға егілсе, соңғы жеті күнде 29 мыңдай адам қабылдаған. Сонымен бірге облыста вакцинаны медицина мамандары, мұғалімдер, құқық қорғау органдары қызметкерлері алуда. Ал еңбек ұжымдарына арналған 67 мобильді топ жұмыс істейді.
Облыс әкімдігінің отырысында өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов індет жұқтырған науқастар саны жүзден асқанын, сондықтан тұрғындарға ынталандыру шараларын қолдана отырып вакциналау қажеттілігін жеткізді. Екпе алу нәтижесі апта сайын талданады. Ұжымдық иммунитет, екпе алу көрсеткіші өсіп отыруы тиіс.
Облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиевтің айтуынша, індеттен сақтану үшін вакцина алу қажет. Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиялық жағдай алаңдатуда. Штамдардың жаңа түрлері пайда болуда. Екпе барлығына тегін жүргізіледі. Сондықтан өзімізді де, айналамыздағы барлық адамдар денсаулығын да сақтайық. Елімізде күзге дейін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру міндеті тұр. Індеттің түрлі штамдарына қарсы тұру үшін екпе алып, тұрғындар өз денсаулығын сақтауы қажет.
Басқарманың мәліметінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін өңір халқының 60 пайызы екпе алуы тиіс. Вакцина қоры жеткілікті, екпе кабинеттері жұмыс істеуде. Сауда орталықтарында да екпе алуға болады. Демалыс күндері жылжымалы екпе егу кешендері жұмыс істеуде. Отандық вакцина салдыру көрсеткіші бойынша үшінші орында тұр. Қытайлық вакцинаның 14 мың данасы жеткізілді. Сондай-ақ Спутник V екпесін алғаш рет алған адамдар 21 күннен кейін отандық немесе қытайлық вакцинаны ала алмайды. Әртүрлі компонентті алған кезде адам ағзасындағы жағдай толық зерттелмеген.
Қазір облыс орталығында әр сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға жылжымалы екпе егу кешендері қыз- мет көрсетуде. Өз еркімен екпе салдыруға келген тұрғындар қажетті препарат түрін таңдай алады. Бұл жерде терапевт дәрігер, екі медбике және екпе алуға келген адамдарды тіркейтін маман бар. Келушілердің дене қызуын, жүрек қағысы мен қан қысымын өлшеген соң барып, екпе салынады. Бұл кешенді автобустар әр емханаға бекітілген. Күндізгі сағат 10.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қызмет етеді. Тұрғындардың басым бөлігі ресейлік Спутник V вакцинасын, Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған Hayat Vax вакцинасын салдыруда. Екпе түрін адамдар өз еркімен таңдайды. Жылжымалы екпе егу кешенінде вакцинаның 4 түрі де бар.
Енді екпе алған тұрғындар офтальмолог-дәрігерден тегін кеңестер алуда. Облыстық ауруханада офтальмолог-дәрігердің галокамерада бір реттік емдеу сеансы бойынша шара өткізілуде. Сондай-ақ індет жұқтырып және пневмониядан емделіп шыққан науқастарға медициналық оңалту қызметтерін ұсынады. Бұл шаралар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Бурабай санаторийінде емделе алады. Облыс орталығындағы Almaz Medical Group ЖШС-де (бұрынғы №2 емхана), №4, №3, №1 емханаларда оңалту ем шаралары жүргізіледі.
Павлодар өңірі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 4 шілдеден бастап «қызыл аймақта». Облыс орталығында екпе алғандар арасындағы екінші ұтыс ойыны да басталды. Жергілікті кәсіпкер Нұргүл Айғожина Айдар Құрымбаевтың бастамасын қолдап, 4-11 шілде аралығында вакцина алған павлодарлықтар арасында 1,5 млн теңге ұтыс ойынын өткізетінін мәлімдеді. Ойын өтіп жатқан бірінші аптада 4 мың адам екпе алуға ниет білдірген. Бұл жолы екі жүлдегер болады, олардың бірі 1 миллион теңге, екіншісі 500 мың теңге алады. Ұтыс қорытындысы 11 шілдеде шығады. Ойынның шарты – 4-11 шілде аралығында Batyrmoll ойын-сауық орталығын қоса алғанда, 7 егу пунктінің бірінде індетке қарсы екпе алып, талонды толтыру. Ал еріктілер ұтыс ойыны кезінде купондардың дұрыс толтырылуын және жеңімпаздарға ақша бергенге дейін ойынның адал өтуін қадағалайды. Ұтыс Instagram pretty_women_pvl тікелей эфирінде өтеді.
Павлодар облысы