Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы М.Ахметжанов ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша өтіп жатқан алқа отырысында айтты, деп жазады Egemen.kz.
М.Ахметжановтың айтуынша, қазіргі уақытта Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп конкурстар бойынша сатып алу бағасына мониторинг және талдау жүргізіп жатыр.
«Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі 30 млн. теңгеге пәтер сатып алуды жоспарлады. Пәтердің ауданы – 40-60 шаршы метр. Мұндай бағалар тіпті елордада да жоқ. Біздің ұсынысымыз бойынша баға 6 есеге төмендеп, 5 млн теңге болды», деді ол.
Сондай-ақ, ол өткен жылы 40 млрд теңге артық шығын анықталса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 36 млрд теңге анықталғанын айтты.
«Біз көрсеткіштің өсуін жетістік деп айтамыз, бірақ іс жүзінде бұл проблемалық сигнал. Бағаны көтеру – алдағы уақытта пара алу мен қайтару үшін алғашқы қадам», деп атап өтті Антикор басшысы.
Бұл мәселені шешу үшін Агенттік мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді, бюджеттік өтінімдерді орналастырудың жариялылығын, біртекті тауарлар үшін бірыңғай ерекшелік пен бағаны белгілеуді, сондай-ақ бюджет қаражатын бөлуден бастап игеруге дейін сүйемелдеуді енгізген.
М. Ахметжановтың айтуынша, бұл бастамалардың барлығын мемлекет басшысы қолдаған. Қазір үкімет тиісті шара қабылдап жатыр.