«Төлем» жүйесінің негізінде тасымалдаушылардың салықтық төлемдері төрт есе артты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шымкент қаласында қоғамдық көлікке «Төлем» электронды жүйесі өткен жылдың 15 қазанынан бастап енгізілген. Бүгінгі күнге дейін 305 929 төлем картасы сатылып, жүйе арқылы 80 пайыздан астам транзакция жасалды. Нәтижесінде тасымалдаушылардың салықтық төлемдері өткен жылдың көрсеткішіне қарағанда төрт есеге артты.
Шымкентте жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы дайындалып, бекітілді. Осының аясында қоғамдық көліктерді жаңарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұрын қала тұрғындарын «Ankai» маркалы дизель отынымен жүретін 300 автобус тасымалсада, бүгінде автобус паркі «Yutong» маркалы 300 жаңа, метан газымен жүретін автобуспен толыққан. Жыл соңына дейін тағы 290 жаңа автобус линияға шықпақ. Осылайша, қоғамдық көліктің 80 пайызы жаңарады. Бұл автобустар да газбен жүретін болады.
Қалада 16 тасымалдаушы 1050 қоғамдық көліктің қызметін көрсетуде. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 78 маршруттың 57-сі әлеуметтік маңызы бар маршрутқа жатады.
Сондай-ақ қалада тұрғындарына сапалы әрі тұрақты қызмет көрсету мақсатында автобус бағыттарын онлайн режимінде көруге арналған «I-kolik» мобильдік қосымшасы іске қосылды.