• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 09 Шілде, 2021

Депутаттар Балқаштың экологиялық мәселесін талқылады

989 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының мүшелері Айжан Скакова мен Ерлан Смайлов Балқашта өткен кездесулерде экология, туризмді дамыту, инфрақұрылым, халықты әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалалық әкімдікте өткен кездесуде Мәжіліс депутаттары ең алдымен қаланың тазарту құрылыстары мен қоқыс полигонының проблемаларын көтерді.

Айжан Скакованың айтуынша, қаланың сарқынды суы Балқаштан 25 шақырым жерде орналасқан су жинағыш тоғанға еш тазартусыз ағып жатыр. Кәріз тазарту құрылыстарын салу 6,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр, ал қала бюджетінің барлық кірісі 6,5 миллиард теңгені құрайды. Жергілікті билік тазарту құрылыстарын бастау үшін сыртқы қарыздарды тартуды жоспарлап отыр.

Қала тұрғындары үшін тағы бір өзекті мәселе – 2015 жылы өзінің әлеуетті қуатын өндірген коммуналдық қалдықтардың қоқыс полигоны. Жаңасын салу үшін әзірге тек техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Депутаттардың пікірінше, мәселе Балқаш - туристік қала екендігімен күрделене түседі және оны тұрғындар мен келуші туристердің мүддесі үшін дамыту қажет.

Мәжіліс депутаттары жолдарды жөндеу, көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударды.

«Әйгілі көлі бар қала туризмді дамыту бойынша он аймақтың қатарына кіреді. Қаланы туризмді дамыту есебінен экономикалық өсу нүктесі ретінде түсінуге деген көзқарасты тұжырымдамалық тұрғыдан өзгерту қажет. Тиісінше, мәселелердің кешенді түрде шешілуін қамтамасыз ету қерек», деп есептейді Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов.

Сонымен қатар жас және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, Саяқ кентін сумен қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.