Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының төрағасы Волкан Бозкырды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ-мен және оның құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара тығыз байланыс орнату - Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінде Қазақстанда ұйым бөлімшелерінің 27 өкілдігі жұмыс істейді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан маңызды саяси және демократиялық реформаларға тоқталып өтті. Кездесуде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері де талқыланды.
Сенат төрағасының айтуынша, биылғы жылдың басында аталған мақсаттардың индикаторларын ұлттық мүддеге сәйкестендіру аяқталған.