• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2021

Өз тілін өгейсіткендер қатары Көкшетауда әлі қалың

434 рет
көрсетілді

Кешегі Кеңес заманында қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдаған Көкшетау өңірінің рухы жүдеп, рухани әлемі тайызданып, теперіш көргені аз емес еді. Әлі де көсегесі көгеріп тұрғаны шамалы. 

Тіл ұстарту – ата-ананың ықыласы мен ұстаздың ұлағатынан. Рухсыздық қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта қаудырай кеуіп, беріш болып қалған талыстай берік дүние екен. «Баяғы жартас сол жартас» күйінде. Өткен жылы облыс орталығындағы білім ошақтарының табалдырығын 3001 оқушы аттаса, оның 1131-і қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды, қалған екі мыңға таяу оқушы орыс тіліндегі сыныптарды хош көрген. Өздері емес әрине, ата-аналары. Міне, осы оқушылардың ішіндегі жергілікті ұлт өкілдерінің 45 пайызы орыс сыныптарында білім алуда. 

Бұл арада мынаны ескеру керек. Облыс орталығында қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін небәрі 4 мектеп бар, өзге 21 мектеп – аралас білім мекемесі. Негізінен, орыс тілі үстемдік құрған орта. Ол мектептерде қазақ тілінде тәлім-тәрбие алатын шәкірттердің ана тілін меңгеруі, ана тілінде білім алу мәселесі  мүлде сын көтермейді. Қазақ тілінде оқып жүр деген оқушылар сабақ үстінде ғана болмаса, аулада, мектеп ішінде, кей отбасында да орыс тілінде сөйлейді. Демек орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныптан оншалықты айырмашылығы жоқ.

Мұндай жайға қалай душар болып отырмыз? Ең алдымен, өзімізді кінәлауымыз керек. Мәселен, ұл-қыз­дарын мектепке жетектеп апарған ата-аналар өздері ана тілін жетік білмеген соң ертең балаларымызға сабақ оқыған кезде көмектесе алмаймыз деген желеуді жиі айтады. Бәлкім, ең бастысы да сол шығар.  Қай ата-анамен тілдессең де, бір-бірімен уәделесіп қойғандай айтар уәжі осы.

–Мен қызымды №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының 1-сыныбына бердім. Қазақ тілінде тәлім-тәрбие берген «Айша» балабақшасында қызыммен бірге тәрбиеленген бала­лардың барлығы дерлік орыс сыныптарына жазылып жатыр, – дейді қала тұрғыны Ырысалды Шәмшиева. – Мына бір мысалға көңіл аударыңызшы, мектеп-гимназиядағы қазақ тілінде сабақ беретін сыныпқа 25 бала жазылды. Ал орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін 4 топқа жүзден астам бала бармақ. Сол жүз баланың жартысынан астамы – өз қандастарымыз. Осыдан кейін тіліміздің мәртебесі асқақтап, өрісі кеңиді деп айта аласыз ба?!

Балаларын үкілеп үміт артып, мектеп табалдырығынан алғаш аттатқалы отырған ата-аналардың бір тобымен тілдестік. Жаттанды жауап, жадағай түсінік. Бастысы – өздерінің тіл білмеуі. Енді оған егер латын әліпбиіне көшсек, қайтпекпіз дейтін қауіп қосылыпты.

–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қай­та оралып, ұлттық санамыздың қай­та жаңғыруына жол ашады», деген болатын. Расында да, сананы жаңғыртудың ең тиімді жолы осы, – дейді зейнеткер ұстаз Рауза Бәйкенова. – Бір кезде орыс тілін жетік білмеген жастардың жоғары оқу орнына түсіп, білім алуы, қызмет бабында сатылап жоғарылауы мүмкін болмады. Сол себепті Кеңес заманындағы ата-аналар перзенттерінің орыс тілінде білім алуын дұрыс деп есептеді. Бірақ «Елу жылда – ел жаңа» демекші, заман өзгерді, еліміз аңсаған тәуелсіздігін алды. Енді қолбайлау болар ештеңе жоқтай көрінгенімен, баяғы түсінік ана тілінің алдында кесе-көлденең бөгет болып жатыр. Атадан балаға мұра болып қалған қасаң көзқарас. Сол ата мен әже тәрбиелеген ұрпақтың бүгінгі балалары мектеп табалдырығын аттар сәтте «біз өз тілімізді жетік біл­мегендіктен, көмектесе алмаймыз» дейтін жөнсіз сылтау айтыла бастады. Меніңше, латын әліпбиі бойынша оқытудан да қорқатын ештеңе жоқ. Орыс тілін де үйрендік емес пе? Сананың жаңғыруы дегенде өз ойым­да жүрген бір ауыз пікірді айта кеткім келеді. Мәселен, қазір мектептерде орыс әдебиетіне көбірек сағат бөлінеді. Ендігі арада орыс әдебиетінен гөрі әлемдік әдебиеттің жауһарларын оқытқан ләзім. Бұл арада орыс әдебиеті жұтаң деген түсінік тумауы керек. Толстой мен Пушкинді оқыған дұрыс, бірақ одан да гөрі әлдеқайда қуатты, шұрайлы  әлем әдебиетін оқыған ұтымды шығар. Әрине, ұлт әдебиетінің уызына жарыған бала ұлтының қамын жейтін ұрпақ болып өсетіні белгілі. Ең бастысы, балалар өз ана тілінде білім алғандары жөн. 

Сол уызға жарымай жатқанымыз – өз тілімді оқып-білсем деген ынтаның кемдігінен, әрине.

– Биылғы жылы үш мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Әрине, жергілікті ұлт өкілдері балаларының арасында орыс сыныптарына жазылушылар көп. Нақты есебі әлі шыққан жоқ, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Дина Башарова. – Орыс сыныбын таңдаудың сан түрлі себептері болуы мүмкін. Мысалы, мен өзім №5 мектептің директоры болып қызмет етіп жүрген кезімде қазақ тілінде білім беретін №3 орта мектеп алыстау болған соң баламды амалсыздан орыс тілінде оқытуға мәжбүр болдым. 

Осы орайда, облыс орталығындағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің санын көбейту – көкейкесті мәселе. Алдағы оқу жылында Центральный шағын ауданындағы №19 орта мектеп таза қазақ мектебіне айнала ма деген үміт бар. Ал облыс орталығындағы жалғыз жекеменшік білім ошағы қазақ тілінде оқытатын бала таппай отыр. Әзірге 4 ата-ана ғана ықылас білдіріпті.

– Өткен жылы №13 «Экос» мектеп-гимназиясына қызымды қазақ сыныбына бердім, – дейді қала тұрғыны Венера Ысқақова. – Мектеп-гимназияда 9 бірінші сынып бар. Соның тек  біреуі ғана  жергілікті ұлт тілінде білім береді. Осыны көріп тұрып, тіліміздің бағы жанады-ау деп қалай үміттенесің?!

Енді не істемек керек? Ұлт қамын жеген ел ағалары ең алдымен өз әуле­тінің, ет жақын ағайынының ұрпа­ғын қазақ тілінде білім беретін мектепке жетектеп апарып, үлгі көрсетуі керек сияқты. Жастар жағы алдыңғы толқын ағалардың жанайқайын, жақсы сөзін жерге тастамай, ұрпақ қамын ойласа, ұлт көші бетін оңға бұрар ма еді?!        

 

КӨКШЕТАУ