Nur Otan партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің отырысында әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жетілдіру, кедергісіз қалалық инфрақұрылым құру және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері қаралды.
«Бүгінде әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс «қаржыландыру қызмет алушыға ілесіп жүруі тиіс» қағидасына сәйкес болуы тиіс. Қарағандыда тұратын мүгедектігі бар адамдар қоғамдық көлікті жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін пайдаланады. Алайда елордаға келгенде, қоғамдық көлікте тегін жүре алмайды», деді кеңес мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндіталиев.
Кеңес мүшесі, «Арман – АНК» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Гүлнар Омарова ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға екпе егу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде үйге барып екпе егу тек төсек тартып жатқандар үшін ғана жүргізіледі. Сондай-ақ мүгедектігі бар көптеген адамның хабардарлығы төмен болғандықтан, олар екпе егуге болмайтын жағдайлар туралы білмейді.
Бұған жауап ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов ерекше қажеттіліктері бар адамдарды вакциналау мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірге жергілікті жерлерде пысықталатынына сендірді.