• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Шілде, 2021

«Астананың» велошабандозы Ион Исагирре төртінші орын алды

154 рет
көрсетілді

«Тур де Франс» көпкүндігінің 15-кезеңінде «Астана» клубы мүшелері арасында ең үздік нәтижеге Ион Исагирре қол жеткізді. Испаниялық велошабандоз мәреге төртінші болып жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

26 жастағы АҚШ спортшысы Сепп Кусс («Team Jumbo-Visma») Сере коммунасы мен Андорра-ла-Велья қаласы аралығын қамтыған 191,3 шақырымдық қашықтықта алдына жан салмады. Бұл межеге ол 5 сағат 12 минут 06 секундта жетті. Екінші және үшінші орындарды испаниялық Алехандро Вальверде («Movistar Team») мен нидерландтық Ваут Пулс («Bahrain – Victorious») иеленді. Осы кезеңде топ жарған жүйіріктен Ион Исагирре небары 1 минут 15 секунд қана қалып қойды.

Жалпы есепте әлі де Тадей Погачар («UAE-Team Emirates») шашасына шаң жұқтыратын емес. Словениялық сайыпқыранның көрсеткіші – 62 сағат 07 минут 18 секунд. Оны колумбиялық Уран Ригоберто («EF Education - Nippo») мен даниялық Йонас Вингегор («Team Jumbo-Visma») өкшелеп келеді.  Ал «Астананың» үздігі Алексей Луценко бұл жолы бір саты жоғарлап, қазіргі кезде жетінші орынға табан тіреді.