UFC президенті Дана Уайт Ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор МакГрегор мен америкалық Дастин Порье арасында төртінші кездесу өтетінін жоққа шығармады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, екі спортшы арасындағы ұрыстың соңы бұлай аяқталмауы керек.
«Бұл кездесудің соңы емес. Бұндай жекпе-жектің мәресі осылай аяқталады деп есептеуге келмейді. Конор МакГрегордың жарақатынан қашан айығатыны белгісіз. Алайда, ол өз есесін қайтарары анық. Порье болса, белдік үшін күресуді жалғастыра береді. Менің ойымша, олардың текетіресі бұнымен аяқталмайды», деді ол.
Еске сала кетсек, Конор мен Порье шаршы алаңда үшінші рет айқасып отыр. 2014 жылы МакГрегор қарсыласын нокаутпен жеңсе, биылғы жылдың басында Дастин Порье өз есесін қайтарған еді. 11 шілде күні өткен UFC 264 турнирінің бірінші раундында сәтсіз қадамдар жасаған МакГрегор аяғынан жарақат алды. Спортшының жағдайын тексерген дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады. Нәтижесінде америкалық ММА шебері техникалық нокаутпен жеңіске жетті.