• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2021

Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарымен кездесті

339 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов және Нұрлыбек Ожаев Атырау облысының Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қос депутат 2022 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс Атырау-Астрахань күре жолының құрылысымен танысты. Пандемия кезінде жол салу жұмыстары тоқтамағанымен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс баяу жүруде. Мәжіліс депутаттары осы мәселенің жай-жапсарымен танысып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме өкілдерімен жүздесті. Айта кету керек, қазір 277 шақырым жолдың 53%-дан астам бөлігі аяқталған.

«Қазіргі уақытта ел іші қауіпті індеттен зардап шегіп отырғанда, жол салу жұмыстарының тоқтамай жүргізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Десе де, бұл мәселе халықтың көп жылдан бері күткені, әбден шынбайынан өткені де белгілі. Себебі, жол – елмен елді, ауылмен ауылды жалғайтын негізгі көрсеткіштің ажырамас бөлігі. Сол үшін де маңызы мен мәні биік осы жол құрылысының сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы басты назарда болады», деді мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев.

Сапар барысында халық қалаулылары Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар экологиялық мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді. Қазір аудан су тапшылығының салдарынан қиындық көріп отыр. Өйткені, жайылым мен шабындыққа су шықпай, төрт түліктің жағдайы қиындаған. Одан бөлек, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты қалыптасқан қиындықтар да айтылды. Мәжіліс депутаттары аталған мәселелердің оң шешілуіне күш салатындарын жеткізді.

Одан әрі депутаттар Жанбай ауылына арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті. Жанбайлықтар өздерін толғандырған түйткілді мәселелерін ортаға салды. Халық қалаулылары әр мәселенің уақытылы шешім табатынын айтты.