Қостанай облысында өрт сөндірушілер ірі орман өртін үш күн бойы сөндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«10 шілде күні сағат 12:50-де Қостанай ауданындағы «Пригородное» орман шаруашылығы басқармасының аумағында, Тобыл қаласынан 30 шақырым жерде ірі орман өрті сөндірілді. Өрт 8 шілде күні сағат 10:40-та басталған. Қураған шөп, қарағай мен қайың жанып кетті. Жалынмен күресті екпінді жел мен ыстық күн райы қиындатты», деп хабарлады ведомстводан.
Жалынмен күреске ТЖД күш-құралдары, жергілікті атқарушы органдар мен полицейлер жұмылдырылған.
«Орман сілемін қорғау мақсатында «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды. Құтқарушы тікұшақ әуеден 60 рет су шашты, шашылған судың көлемі 200-ге жуық тоннаны құраған. Алдын ала есеп бойынша, жалын 300 гектар жерді шарпыған. Қазіргі кезде өрттің шығу себептері анықталып жатыр», деп түсіндірді ТЖД-дан.
Жалынмен күрес 9 шілде күнгі сағат 21:00-де жарияланып, келесі күні түске қарай толық сөндірілді.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Ормандағы өртті сөндіру үшін 315 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған.