«Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының» жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2019 жылы елге көшіп келген қандастардың бейімделуіне, жәрдемдесу және шетелдегі отандастарға ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету мақсатында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» құрылған болатын. Орталық қызметі «Байланыс орталығынан» және облыстардағы «Фронт-кеңселерден» тұрады. Қандастарымыз «Отандастар қоры» біріңғай ақпараттық орталығының 1404 телефон нөмеріне тегін қоңырау шалып, кеңес ала алады», деді Мағауия Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуы бойынша, 2019-2021 жылдың маусымына дейін қандастар мен шетелде тұратын этникалық қазақтардан барлығы 11 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның 95 пайызы қанағаттандырылған.
«Келіп түсетін сұрақтардың көпшілігі құжаттандыру, тіркеу, білім алу, әлеуметтік және басқа да мәселелер. Одан бөлек, атажұртқа қоныс аударуға бел буған қандастарға Erulik.kz веб-порталындағы ақпарат та толық қолжетімді», деп түсіндірді М. Сарбасов.
Алдағы уақытта қандастарға қатысты іс-шаралар туралы ақпарат таратуға қолдау көрсету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында «Отандастар Қоры» жанынан «Шетелдегі қазақ тілді БАҚ қауымдастығын» құру жоспарлануда.