Алматыда 20 жастағы қызды қағып кеткен Volkswagen жүргізушісі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция департаментінің мәлметінше жол-көлік оқиғасы биыл 26 қаңтар күні Өтепов көшесінде орын алған.
«Volkswagen Polo» көлігінің жүргізуші М.А.Голотовский Өтепов көшесі бойымен батыс бағытта жүріп келе жатып шамамен 21:00-де жол ережесін бұзған. Ол ауа райының қолайсыздығына мән бермей, қажетті қозғалыс жылдамдығын сақтамады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші – 2000 жылы туған С. есімді қыз көлік астына түсті. Соқтығысу нәтижесінде дене жарақатын алған бойжеткен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, бірақ алған жарақаттарынан қайтыс болды», деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Сот М.А.Голотовскийді Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабы 3-бөлімінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 1,6 жылға бас бостандығынан және көлік құралдарын басқару құқығынан бес жылға айырылды.