Неге екенін қайдам, Шығыс Қазақстанда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы сын көтермейді. Жаңа тұрғын үйлердің қабырғалары қақырап, төбелерінен су сорғалайтынын жаза-жаза жалықтық. Жоқ, жалыққандық емес, мәселенің мән-жайына үңіліп, оң нәтиже шығара қоятындай басшы жоқ. Ендігі жағдай мынау, Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген жердің ойраны шықты.
Былтыр Абайдың 175 жылдығына орай қоршалған Құнанбай әулетінің қорымы жауған жаңбырға, соққан желге төтеп бере алмады. Ұлы Абайдың асқар таудай әкесі Құнанбайдың
тақтатасы құлаған, қираған. Тізе бүгіп, көлеңкелеп отыратын шатырды соққан дауыл қоршаудың сыртына қарай ұшырған. Бәлкім, дауыл тым қатты болды ма? Әлде, әдеттегідей құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударған ешкім болмады ма?! Олай дейтініміз, Абайдың 125 жылдығына орай салынған ғимараттар жауын-шашынға, ұйытқыған дауылға былқ етпей сақталып келеді. Әрине, ұсақ-түйек жөндеуді қажет етеді. Бірақ кейін бой көтерген ғимараттардай бүлініп жатқан жоқ.
Айтты-айтпадық, көктемде тақтатастары көтеріліп кеткені болмаса, той тарқағанша тұрды. Оған да шүкір. Содан бір жылға жетпей, міне, соққан жел қиратып жатыр.
Әрине, табиғаттың тосын мінезіне жаба салу оңай. Дей тұрғанмен, құрылысшы мамандар жауын-шашынға, желдің күшіне байланысты есеп-қисап жүргізбеген бе? Жобалық-сметалық құжатқа қыруар қаржы жұмсап жататыны тағы бар емес пе?! Білуімізше, аталған мәдени нысанға 20 млн теңгенің үстінде қаржы бөлінген.
Абай ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, қорым аумағына келтірілген шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр. Ал Қасқабұлақ ауылының ішімен аққан жаңбыр суы ешқандай шығын әкелген жоқ.
Орын алған оқиға туралы Абай ауданының тұрғыны Мәлікаждар Жүнісжанов әлеуметтік желіде дабыл қағып, нақты мысал келтіре отырып, «Абайдың 125 жылдығында салынған бірде-бір нысан нөсерден құлаған жоқ. Өйткені, әрбір құрылысты ауданның сол кездегі бірінші басшысы Хафиз Матаев тікелей бақылайтын, өзі үлгермей жатса, ауатком басшыларына тапсыратын. 50 жыл өтсе де, сол құрылыстар әлі тұр. Бақыламаған соң мердігерлерге бәрібір» деп жазды. Иә, жазған уәжі орынды секілді.
Ал бұл мәдени маңызы бар нысан Семей қаласындағы облыстық өлкетану музейінің қарамағында екен. Музей басшысы Қайрат Сабырбайдың айтуынша, акт жасалады.
– Музей тарапынан ауданға хабарладық. Дүйсенбі күні акт жасатамыз. Негізі, тапсырыс беруші – біз емес. Абай ауданының Мәдениет үйі мекемесінен қабылдап алғанбыз. Осы нысан құрылысын жасаған мердігердің кепілдігі бар болса, қайтадан жасап береді. Ол енді акт жасалған соң барып, белгілі болады. Қабылдап алғанымызға бір апта ғана болған еді, – дейді музей басшысы Қайрат Сабырбай.
Мердігер компанияның берген кепілдік уақыты болса, өтіп кеткен. Қайта қалпына келтіру-келтірмеу мәселесі алдағы күндері қарастырылады. Айта кетерлігі, Қасқабұлақтың маңында мұндай дауыл бірінші рет болған екен. Зардабы музей аумағына ғана тимей, жергілікті шаруа қожалықтарына тиесілі ғимараттардың шатырын да ұшырып кетіпті.