Ұлттық банк қазақстандықтар қанша алтын құйма сатып алғаны туралы есепті жариялады. Ресми мәлімет бойынша, мамыр айында ел тұрғындары 1800-ден астам алтын құйма сатып алыпты. Біле білген адамға алтын металл сатып алып қою өте пайдалы. Бұл – ешқашан бәсі түспейтін, оңайлықпен инфляцияға ұшырамай қоймайтын құнды металл.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 1,95 тонна 54 780 алтын құйма сатылыпты. «Жұртшылыққа алтын құймалардың 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық бес түрі ұсынылады. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 16 630 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 12 128 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 430 дана (21%), 5 грамдық құйма – 8 650 дана (16%), 50 грамдық құйма – 5 942 дана (11%). Негізінен өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие», дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.
Банктер алтынды грамдап сатып жатқанымен халықтың көбі оның қандай пайдасы барына көп мән бере бермейді. Мысалы, сіз банкте депозит ашып, оған ақша жинасаңыз, теңге немесе доллармен салынған жинақ нарық жағдайына байланысты құбылуы мүмкін. Мұндай кезде депозит иесі не ұтылады, не ұтады, яғни валютаның құнына байланысты салым не көбейеді, не азаяды. Ал алтын сатып алғанның ұпайы қашан да түгел болады. Бұл да депозитке ақша салудың бір түрі. Ақша түріндегі депозиттен айырмашылығы, құнды металдың құны қымбаттамаса, төмендей қоймайды. Әрине, құнсыздану болуы мүмкін, бірақ көбіне алтынның бағасы тұрақты болады. «Алтын құймалар – сенімді инвестициялық құрал. Әлем бойынша алтын инфляцияға қарсы қорғаныс құралы ретінде қолданылады. Оның бағасы алтынның әлемдік бағасына және ұлттық валютаны айырбастау бағамына тәуелді болғандықтан нарықтағы құны өсіп немесе түсіп отырады. Осы арқылы да сатып алушылар қысқа мерзім ішінде пайда көре алады. Алтын құймалардаң иелері банктер мен банктік емес айырбастау пунктерінде кез келген уақытта алтындарын кері өткізе алады. Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 5,8 кг 177 құйма ғана банктер мен айырбастау пунктеріне кері өткізілді. Құймаларды күнбе-күн сатып ала алу мүмкіндігі алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз ететін басты фактор болып отыр», дейді сауалымызға жауап берген Ұлттық банк өкілдері.
Алтынды сатып алудың «дәмін» біліп алғандар бұл металды жиі сатып алады. Осыған байланысты сатылған құймалардың көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді екен. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2017 жылы бағдарлама жаңа іске қосылғанда 1 786 дана (64,1 кг), 2018 жылы 3 925 (150,1 кг) дана, 2019 жылы 8 002 дана (328,8 кг), 2020 жылы 9 101 дана (404 кг), 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 4 767 дана (191,7 кг) алтын құйма сатылған.
Сонымен қатар алтын құймалар банктік емес айырбастау пунктерінде де сатылады. Бағдарлама жүзеге асқалы айырбастау пунктері арқылы барлығы 27 199 дана (0,81 тонна) алтын құйма сатылған және сатылымдағы көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2018 жылы 37 дана (0,81 кг), 2019 жылы 7 730 (140,6 кг) дана, 2020 жылы 11 998 дана (485,6 кг), 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 7 434 дана (182,4 кг) алтын құймасы сатылыпты.
Егер алтын құйыма сатып алға ниет етсеңіз, оның сақталуына да мұқият болыңыз.
Әр алтын құйма қорғаныс элементтерімен безендірілген. Құймалардың беті айнадай жылтырақ келеді, микромәтін және бедерлі гуртпен бейнеленеді. Бағалы металл арнайы қаптамамен шығарылады. Құйманы сатып алғанда осы арнайы қаптамасын қоса алған жөн. Ол құйманы зақымданудан қорғап қана қоймай, сонымен қатар алтын құйманың ашылмағанын және сапасы бұзылмағанын айғақтайтын сапа сертификаты ретінде де жүреді, сондықтан құйманы ыждаһаттылықпен сақтап, орамасын ашпаған жөн, дейді мамандар.