• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Шілде, 2021

Сотталғандар саны азайды

1047 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Қазақстандағы қылмыстық атқару жүйесінде (ҚАЖ) 80 мекеме жұмыс істесе, оның 64-і бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындайды, ал 16-сы тергеу оқшаулағышы болып саналады. Бүгінде бұл мекемелерде 33 мың адам жазасын өтеу үстінде. Осы жайында ІІМ-де өткен брифинг барысында пандемия кезіндегі қылмыстық атқару жүйесінің жай-күйі туралы ақпарат берген ҚАЖ комитетінің басқарма басшысы Бибігүл Мұңайтпасова хабарлады.

ҚАЖ комитеті қызметкерінің мә­лімдеуінше, сотталғандардың басым бөлігі, яғни 94 пайызы – ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жүргендер. «Қылмыс санаттары бойынша тарқатып айтар болсақ, сотталғандардың 47 пайызы бұрын да түзеу мекемесінде жазаларын өтеген. Ал 25 пайызы – адам өлтіргені, 13,5 пайызы – ұрлық жасағаны, 11,5 па­йыз­ы – есірткі саудасы, 13,8 пайызы – жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстары, ал 7 пайызы кәмелетке толмағандарға қатысты заң­сыздықтарға барғаны үшін сот­талғандар», деді спикер.

Сотталғандарды әлеуметтік тұр­ғыдан бейімделуге барынша кө­мек көрсету – жүйенің бүгінгі таң­дағы басты басымдықтарының бірі. Сон­дай-ақ жазаларды өтеу тәртібі мен шарттарын қамтамасыз ету, сот­талғандардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, оларды түзеу құралдарын айқындау мәселесі де негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Елімізде соңғы 5-6 жыл ішінде қылмыстық, қылмыстық іс жүр­гізу және қылмыстық атқару заң­намалары жетілдірілгенін тілге тиек еткен басқарма басшысы осы­ған сәйкес сотталғандарды ұс­тау­дың құқықтық жағ­дайының да жақсарғанын атап өтті.

Пандемия кезінде ҚАЖ меке­мелерінде қауіпті індетті жаппай жұқтыруға жол берілмегенін айт­қан спикер түзеу мекемелерінде ме­дициналық қамтамасыз ету мәсе­лесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын мәлімдеді. Оның хабарлауынша, қазіргі уақытта жеке құрамның – 95, ал сотталғандардың 92 пайызы екпе салдырған.

«Сотталғандар жыл сайын про­­филактикалық тексеруден өте­ді. Биыл 5 мыңға жуық науқас кон­сультациялық-диагностикалық көмек алса, 156-сына хирургиялық операция жасалды. Пенитенциарлық медицинаның туберкулезді емдеуде оң нәтиже көрсетіп отырғанын да айта кеткен жөн. Осы тәжірибенің арқасында соңғы үш жылда туберкулезбен ауыратындар саны 51 па­йызға төмендеді», деген ҚАЖ өкілі бұл бағыттағы жұмыстың жал­ғаса беретінін айтып өтті.

Сотталғандарды ұстау жағдайы да айтарлықтай жақсарған. Қазіргі таңда жазасын өтеушілерді бұ­рын­ғыдай жасақпен барактарда емес, жекелеген камераларда ұс­тауға көшіру жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл – жалпыәлемдік стандарт. Бүгінде ҚАЖ-да камерада ұстайтын 9 мекеме бар болса, оларда 4 мыңға жуық адам отыр.

Алты мекемедегі 12 тұрғын блок­ты қайта жөндеуден өткізу, сот­талғандарды толық жұмыспен қамту және өнеркәсіптік базаларды жаң­ғырту мәселелері де пысықталуда. Б. Мұңайтпасованың мәлімдеуінше, бүгінде ҚАЖ мекемелерінде 200-ден астам кәсіпкер шағын және орта бизнесін дөңгелетіп жүрсе, онда сотталғандардың 49 пайызы жұмыспен қамтылған.

«Еңбек – түзету құралының ең ұтымды тәсілі. Жұмыс соттал­ғандардың қоғамға бейімделуіне ық­пал етіп қана қоймай, жәбір­ленушілерге келтірілген материал­дық залалды төлеуге және өз отбасына көмектесуге мүмкіндік береді», дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, пени­тенциарлық жүйеде жүргізілген құқықтық және құрылымдық ре­формалардың нәтижесінде, сон­дай-ақ ұлттық заңнамаларды же­тілдірудің арқасында еліміздегі сот­талғандар саны едәуір азайып, Қазақстан әлемдік деңгейдегі «Түр­медегі адам саны бойынша индекс­те» 99-орынға түскен болатын. Ал осыдан 20 жыл бұрын жан басына шаққандағы сотталғандар саны бойынша еліміз АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұрған еді.