Түркістан облысында 181 ауылдық округ болса, биылғы ауыл әкімдерін сайлау 63 ауылдық округтің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады. Шілдеде алдымен 60 ауылдық округ тұрғындары өз таңдауын жасайды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев апта соңына дейін ауыл әкімдігіне 230 үміткер тіркелгенін мәлім етті. Оның 76-сы саяси партиялар ұсынған үміткер болса, 154-і – өзін өзі ұсынған.
Саяси партиялар мен жеке азаматтардың өзін өзі ұсынуы бойынша үміткерлердің тіркелуі 14 шілдеге дейін жалғасатынын ескерсек, бұл сан өсе түсері анық. Ауылдың ахуалын жақсарта түсу мақсатында нақты бағдарламасы бар азаматтар үміткер ретінде додаға түсуге бел байлап отыр деген сенім тұрғысынан айтсақ, әкім болғысы келетіндердің көптігі қуантады, әрине. Ал сайлаушылар – ауыл тұрғындары білімді, саналы, елдің қамын ойлайтын азаматтарды таңдап, сайлайтын кез келгенін айтып жатыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі жөнінде бастама көтергені мәлім. Сондай-ақ Президент ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңесте бірқатар міндет жүктеді. Ел тарихындағы айтулы белес деп айтуға болатын тарихи маңызы бар саяси науқан – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізгенін білесіздер. Бұл сайлауда қолынан іс келетін, нағыз абыройлы азаматтар сайланса дейміз. Ауыл әкімі – тек креслода отыратын адам емес. Ол бүкіл тұрғынның мәселесін жүгіріп жүріп шешетін өте жауапты, жанашыр азамат болуы керек», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарының ақсақалдарымен кездесуде.
Елді мекендердегі мұндай саяси дода 2013 жылы басталғаны мәлім. Төрт жылдан кейін, яғни 2017 жылы тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар әкімдері жергілікті мәслихаттар арқылы сайланған. Кешегі Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысының ауылдарында сайланған әкімдердің бірқатары әлі күнге дейін ауылдастарының сенімінен шығып, абыройлы қызмет атқаруда. Мысалы, Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округінің әкімі, Келес ауданында 3 ауылдық округ әкімі, Сарыағаш ауданында 1 кент, 7 ауылдық округі әкімдері 2013 жылдан бері абыроймен қызмет етіп жүр. Дегенмен түрлі себептермен, соның ішінде құқықбұзушылыққа жол беріп, қызметінен босатылған әкімдер де аз емес.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, өңір аумағында жыл сайын ауыл округтерінің әкімдері сайланып отырған. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы кезекті саяси додада 119 ауыл әкімі төрт жыл мерзімге сайланған. Ал 2018 жылы – 35, 2019 жылы – 45, 2020 жылы 49 ауыл әкімі сайланған. Яғни сайлау өткізуде тәжірибе бар, бірақ бұл жолғы сайлаудың жөні бөлектеу. Жергілікті тұрғындар атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Сайлаушылар ауыл әкімі болуға бел буған бүгінгі үміткерлер мұндай сенімге ие болу үлкен мәртебе және қиын да күрделі міндетті мінсіз атқарып, ауылдастарына адал қызмет ету зор жауапкершілік жүктейтінін жақсы біледі деген ойда.
Түркістан облысы