• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Шілде, 2021

Төлемдерді тіркеуге қарамастан рәсімдейді

179 рет
көрсетілді

2021 жылдың үшінші тоқсанында әлеуметтік төлемдердің үш түрін ресімдеу үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің экстерриториялық қағидаты енгізілетін болады.

Қазақстандықтар тұрақты тір­кеу мекенжайына қарамастан, елі­­міздің кез келген ХҚО-на жү­гіне алады. Бұл туралы Орталық ком­­муникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға ар­­­налған үкімет» мемлекеттік кор­­­порациясы төрағасының орын­­­басары Біржан Жүнісов айт­­­ты.

Қазір тұрақты тіркеу жері­не қарасты ХҚО-ға жүгіну – әлеу­меттік төлемдерді ресімдеудің бас­ты талабының бірі.

«Мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін цифрландыру бағыттарының бірі – аумақтан тыс қағидатты енгізу. Үшінші тоқсанда осы қағидат арқылы қазақстандықтар баланың туы­луы­на және бала күтіміне бай­ланыс­ты жәрдемақыны, жүктілік пен босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты кі­рістерін жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға өтініш бере алады және бір жасқа толған кезде баланы күтуге байланыс­ты табысы жоғалған жағдайда, тіркеу орнына қарамастан, елдің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына құжат өткізе алады. Жыл соңына қарай біз басқа төлемдер бойынша да экс­террито­риялық қағидатты ен­гізуді жос­пар­лап отырмыз», деді Біржан Жүнісов.

2021 жылдың бірінші жар­тыжылдығында «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік салада 815 мың мемлекеттік қызмет көр­сетті. Жалпы, мемлекеттік корпорация төлемдердің 44 түрі бойын­ша электронды іс макет­терін қалыптастырады және мін­детті зейнетақы, әлеуметтік және меди­­­циналық аударымдар бойын­ша дербестендірілген есеп жүр­гізеді.

 

«Егемен-ақпарат»