Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет отырысында Қостанай облысында жыл басынан бері 22 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды. Олардың жетеуі мемлекеттік орган басшылары, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының баспасөз қызметі хабарлағандай, отырыс шеңберінде превенция желісі бойынша жұмыс нәтижесі, сондай-ақ жедел тергеу блоктары тыңдалды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында Қостанай облысының мемлекеттік органдары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.
Атқарылған жұмыс барысында облыста 500-ден астам мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді. Оның арасында қалалар мен аудандардың әкімдіктері, облыстық басқармалар, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер әкімінің аппараты бар.
Нәтижесінде 613 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.
«Бұл шаралар салалық заңдардың проблемалық мәселелерін анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметіндегі ішкі олқылықтарды көруге, алдағы уақытта бұл мемлекеттік органдарға құқықтық алаңда жұмыс істеуге және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарының пайда болу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», деді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов.
Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі барлығы 42 қылмысты тіркеді, оның ішінде 39 - сыбайлас жемқорлық.