• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Шілде, 2021

Жапондардың Олимпиадаға дайындығы қалай?

238 рет
көрсетілді

Қалың көрермен жинайтын спорт іс-шаралары індеттің таралуына қалай ықпал ететіні көпшілікті алаңдатады. Кейбір мамандардың пандемия аяқталуға жақын деген болжамына қарамастан, індеттің біресе басылып, біресе өршіп жатқаны белгілі. Сол себепті бір жылға кейінге қалған Олимпиаданы Токио көрерменсіз өткізбек.

Алғашында ұйымдас­тыру­шылар ойынды тамашалауға мыңдаған адамға рұқсат беру мәселесін қарастырған-ды. Алай­да уақыт өте келе әлемде ін­деттің жаңа түрлері пайда болып, жұқтырғандар саны көбейген сайын­ Олимпия ойындарын көрер­менсіз өткізу мәселесі қол­дау тапты. Жапония­ның премьер-министр Ёсихидэ Суга өткен аптада Токио Олим­пиа­дасының қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін барын салуға уәде берді.

«Мен қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету үшін қолдан келгенді жасаймын, соның ішінде шека­радағы бақылау шаралары да назарда болады. Бұл ойындарды қауіпсіз өткізу Үкіметтің мойнында екенін бірнеше қайтара айттым», деді премьер-министр Суга.

Олимпия ойындарын ұйым­дас­тырушылар өткен аптада іс-шара көрер­менсіз өтетінін жария­лаған. Бұған Токиода 22 тамызға дейін кезекті төтенше жағдайдың жариялануы себеп болып отыр. Ел астанасында індет жұқтырғандар саны көбейгендіктен, билік өкілдері осындай қатаң шара қабылдауға мәжбүр болған. Осылайша, Жа­пония үкіметі Олимпия ойындарында, жазғы демалыс маусымында және тамыздың ортасында тойланатын Бон мерекесінде халықтың ел ішінде сапарлап, әрі-бері қозғалысын азайтуды көздейді. Бұл – елдегі пандемия басталғалы төртінші төтенше жағдай. Халық ішінде наразылық білдіргендер де аз емес. Мәселен, Kyodo агенттігіне сұхбат берген тұрғындар арасында індеттің тағы өршіп кетуіне алаңдап, қатаң шараның қаншалықты тиімді екенін сұраққа алғандар бар. Десе де билік өкілдері отандастарын түсіністік танытып, бірлесе әрекет етуге шақырып отыр.

Ал бірнеше жыл асыға күт­кен іс-шараны тамашалай алмайтын кө­рермендердің көңіл күйі айтпаса да түсінікті. Шетел­­дік туристердің келу-кел­­меуі екіталай екені о бастан бел­гілі болғанымен, жергілікті тұр­ғын­дар үшін әлі де мүмкіндік бар еді. Оған қоса, бүкіл әлем тамашалайтын Олимпия ойындарына демеушілік білдірген компаниялардың да бұл жаңа­лыққа аса мәз болмағаны белгілі. Өйткені олардың көбі халық толы спорт сарайларында өз тауар­­ларын не қызметтерін жар­на­малауға келіскен.

Тіпті ойынды қайта шегеріп, кейінге қалдырса болмас па еді дегендер де бар. Қалай болғанда да, осыншама қиындық пен кедер­гіге қарамастан өткелі жат­қан ең маңызды спорт мере­кесіне санаулы күн қалды.

Жапонияның дайындығына келер болсақ, Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах сейсенбіде Токио­ны пандемия салдарынан туын­даған қиын жағдайға қа­ра­мастан, Олимпия ойындарын өткізуге «дайындығы ең мықты» ұйым­дастырушы қала ретінде атап өтті. Ол өз сөзінде жапон халқын іс-ша­раның барлық қауіп­сіздік шарасын сақ­тай отырып өтетініне, сондай-ақ індетпен күресте ең қатаң шаралардың қабылданып жатқанына сенімді болуға шақырды. «Біздің ортақ мақсатымыз – ойынды қауіпсіз өткізу, сол жолда бірлесе әрекет етеміз», деді ХОК басшысы.

Жапонияның денсаулық сақтау министрі: «Егер Олимпиа­дада індеттің таралуы үдемесе – оның сәтті өткені», деген пікірде. Ол тұрғындарға жарыс­тарды үй­ден тамашалау қажеттігін ескерт­ті.

Ойындардың көрерменсіз өтуі – маңызды шешімдердің бірі еке­ні сөзсіз. Оған Еуропадағы футбол жарысынан кейін коро­на­вирустың «Дельта» штамын жұқтырғандар санының көбей­гені туралы хабарлар әсер еткен болуы мүмкін. Себебі Дания, Финляндия, Ресей, Шотлан­дия­дағы науқастардың осы жарыспен байланысы бары анықталған. Осылайша, Үндістанда табылған жаңа штамм әлемге тарап кетті. Алайда оның қайда, кімнен, қалай жұққанын зерттеп отыру мүмкін емес. Сол себепті, жапон билігі халықтың денсаулығына қауіп төндірмес үшін төрт жылда бір келетін ірі жарысты барынша қатаң жағдайда өткізуге бел байлап отыр.