• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Шілде, 2021

Жүкті әйелдер мен балаларды қалай қорғаймыз?

566 рет
көрсетілді

Алматыда індет қайта белең алып тұрғанын сандар дәйектейді. Егер статистика сенімсіздік тудырса, қорқынышты болса да айтайық, ритуалдық, яғни жерлеу бюроларына түсетін тапсырыстар қайта көбейген.

Сонымен, соңғы тәуліктегі мәлімет­терге сәйкес тек 14 шіл­деде 640 алматылық жаңадан ін­дет жұқтырғаны белгілі болды. Бұл күндері инфекциялық стацио­нарларда 1 947 адам емделіп жат­са, оның ішінде 168 бала бар. Жалпы реанимация және қарқын­ды терапия бөлімшесінде 133 нау­қас жатыр.

Қысқасы, Алматы «қызыл ай­мақтан» шыға алмай тұр. С.Асфен­дияров атындағы Қазақ Ұлт­тық медициналық универси­тетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Күләш Құрманова: «Соңғы зерттеулер көрсеткендей, «үнді» штамының қауіптілігі сол, ауру­ха­наға жату мен өлім қаупі жо­ғары. Коронавирус инфекциясынан кейін дерттің ауырлығына қа­ра­мастан эндотелиит, тамырлы микро және макротромбоз түрінде асқынулар байқалады, яғни әр­түрлі ағзалар мен жүйелерге әсер етуі мүмкін», дейді.

Вирустың мутациясы туралы сұ­раққа профессор «құрамында РНҚ бар коронавирус табиғатта жоғары құбылмалы ие», деп жа­уап берді. Егер популяцияда ұжым­дық иммунитет қалыптасса, вирус му­та­цияға ұшырамайды, өйткені ол тек тірі жасушаларда көбейе ала­ды.

Профессор сонымен қатар балалар мен жастардың ағзасында COVID-19-ға қарсы антиденелер жоқ екенін атады. Балалар жаңа «Дельта» штамымен 5 есе жиі ауы­ра бастады. Сондықтан К.Құр­манованың айтуынша, Қазақ­стан балаларды вакциналау қа­жеттілігі туралы ойлануы керек. Бұл мәселені ғалымдар, эпиде­миологтер және клиниктер тал­қылауы тиіс.

Орайы келіп тұрғанда тоқтала ке­ту керек, таяу күндері Алматы әкім­дігі Францияның жетекші дәрігерлерінің қатысуымен жүк­ті әйелдер мен босанатын әйел­дердің денсаулығын қорғау бо­йынша вебинар өткізіп, пандемия жағ­дайында ана мен баланың денсаулығын қорғау шараларын талқылаған болатын.

Вебинарға Алматы мен Париж­дегі жетекші ауруханалар­­­дың аку­шер-гинекологтері, неона­тологтары, анестезиолог-реаниматологтері қатысып, пандемия кезінде жүкті әйелдер мен жаңа туылған нәрестелерді перинатальды күту тәжірибелерімен бөлісті. Тәжірибе алмасу бо­сан­дыратын медициналық ұйым­дардың практикалық дәрігер­леріне, медициналық ұйым­дар­дың басшыларының жұмысын жақ­сартуға септеседі деген сенім бар.

Осы бағытта Алматыда ана мен сәби өлімінің алдын алу бо­йынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Жүкті, босанған әйелдерге уақтылы білікті көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қаланың көпсалалы тобы дең­гейінде қауіп тобындағы жүкті әйел­дер бойынша консилиумдар өткізіледі.

Франциядағы Port Royal – AP-HP перинаталдық орталығының акушер-гинекологі Оливия Ан­селем коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан кейін әртүрлі жастағы жүкті әйелдер арасында жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. КВИ жұқтырған жүкті әйелдер үшін асқынулардың арасында преэклампсия болуы мүмкін. Бұл – жүктіліктің 20-аптасынан кейін дамитын және жоғары қан қысымымен, протеинуриямен, жиі ісінумен сипатталатын жүк­тіліктің асқынуы. Сонымен бірге инфекцияның анадан балаға жұғу жағдайлары туылғанға дейін де, босанғаннан кейін де тіркелген.

Сондай-ақ реанимациялық шараларды басқару және неонатальды көмек көрсету мәселелері қарастырылды. Доктор Эли Хадж Порт Роял және профессор Валери Биран жүкті немесе босанатын әйелдегі бар ауруларды ескере отырып, емдеудің нүктелі әдісін атап өтті.

Вебинардың соңында қаты­сушылар жүкті әйелдердің қауіп тобына жататынын және осы санат­тағыларға профилактикалық шараларды күшейтудің, қажет болса психологиялық көмек көр­сетудің маңызын атап өтті. Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау үшін қауіпсіз орта қажет.

Бұған қоса мамандар КВИ-дің симптомды науқастарының үлес салмағының арта түскенін айтуда. Мәселен, өткен аптаның 7 күнінде алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда індет 1,5 есеге өскені анықталған еді.

Соңғы аптада жас құрылымын талдау балалар мен жастарға «Дельта» штамының тез жұға­тынын көрсетті. Мәселен, 1 жасқа дейінгі науқас балалардың үлесі салмағы 0,7%-дан 2,8% дейін өссе, 14 жасқа дейінгі балаларда 0,4%-дан 15,0% дейін, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерде 0,8%-ден 5,2% дейін және 40-59 жастағы азаматтар арасында 1,5%-дан 24,7% дейін өскені анықталды. Сондықтан қала билігі тұрғындарға балалар мен жасөспірімдердің жағдайына ерекше назар аударып, олардың адамдар көп шоғырланған жерлерге баруына тыйым салулары керек екенін қайта-қайта қаперге салып отыр.

 

АЛМАТЫ